Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті ерікті өрт сөндіру құрылымдары мен мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтер арасында облыстық біліктілігін арттыру бойынша сайыс өткізді. Маңғыстау облысының аудандырында өткен байқауда мамандардың өрт сөндіру дағдылары сыналды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Қарақия, Түпқараған, Маңғыстау, Мұнайлы аудандарының өрт сөндіру бөлімдерінің алаңы жарыс уақытында мықтылар майданына айналып, сайсыкерлердің жылдамдығы мен шеберлігі шыңдалды. Байқау қатысушылары 3 кезеңнен өтті. Сайыскерлер аз ғана уақыттың ішінде дабыл бойынша жиналып, оқиға орнына жетуі, одан кейін автоцистернаны жауынгерлік қолдануда үйлесімді әрекет етуі қажет болды. Үшінші кезеңде өртті сөндірудегі білімі тексерілді. «Әділқазылар сапа мен жылдамдықты ескеріп, бағалады. Барлық спорт түрлерінде еріктілер күш-жігері мен төзімділігін, жеңіске деген құлшынысын, теориялық білімін тәжірибеде қолдана білу дағдысын көрсетті», - деді Маңғыстау облысы ТЖД азаматтық қорғау саласындағы қауіп қатерді азайту және бақылау басқармасының қызметкерлері. Байқау жеңімпаздары мен қатысушылары құрмет грамоталарымен марапатталды.
Суреттерді Маңғыстау облысы ТЖД ұсынды