©
Егін ексең, мол ек, Толтыр қанар-қабыңды. Арық қазсаң, кең қаз, Қандырар бақша, бағыңды.
Уағдаласқан жерге дәл уақытында жеттік. Бізді қара торы ұзын бойлы жігіт қарсы алды. Есімін Жанғазы деп таныстырған азамат шаруашылыққа қарай бастап жүрді. Түпқараған ауданының бір ерекшелігі сол, жер-жері егістік, алқап пен жайылымға толы. Шаруашылық нағыз қайнап тұрған Қошанай деген жер екен. Бұған дейін Форт-Шевченконың «Сәубет» егістік алқабы әйгілі болса, соңғы жылдары Қошанайдың жемістері мен көкөністері жоғары сатылымға шығып келеді. Бұған себеп, «Сәубеттің» жерлері жыл сайынғы егілетін егіннен тозығы жете бастаса, Қошанайда егін шаруашылығы жақында дами бастаған.
- Биыл 10 гектар жерге егін ектік. Біздің егістікте қауын, қарбыз, қызанақ, қияр, көк жуа, аскөк аз ғана асқабақ сияқты көкөністер бар. Тамшылап суару арқылы ағаштарды суарамыз, - деп бастады әңгімесін сұхбаттасушым.
- Қай шаруашылық бастасаңыз да, ең алдымен жерді жалға аласыз. Содан кейін ең қажет нәрсе – ауыз су.
- Құдықты салудың да өз маңызы бар. Қай жерден су шығады? Жайылым мен егістік үшін қай аймақта құдық орналасқан дұрыс? Осы тақілеттес сұрақтардың жауабын тапқан соң ғана құдық салуға кірісуге болады. Су бізге 80 метр тереңдіктен келеді. Құдық терең болғандықтан, су тұщы.
Расында судың дәмі тіл үйіреді. Құдыққа жақын егіс алқабы орналасқан екен. 5 гектардан 2-ге бөлінген егістікте егілген көкөністердің көбі – қарбыз бен қауын.
- Шаруа қожалығына қарайтын жұмысшылардың көбі өзге ұлт өкілдері ме?
- Егінді баптап, қарап жатқан азаматтар – қырғыз ұлтының өкілдері. Мәселен, мен туғаннан бастап малдың қыр-сырына қанығып өссем, қырғыздар бала күнінен егін егіп өседі. Тұқымды себу, егіс алқабын баптау, тыңайтқышты дер кезінде беріп отыру, құрт түскен кездегі күтім – осының бәрін білетін ұлт – қырғыздар. Мақтағаным емес, қырғыздар ерінбейді, аптап ыстық болса да, күн-түн демей жұмыс істейді. Шаруа қожалығын басқару оңай емес, өзіміздің ауданның жастары да жұмыс барысын, жерді қалай кәсіпке айналдырып, егінмен айналысуға болатынын сұрап келіп жатады. Ал егіннің өзімен айналысып, қырғыздар тәрізді жер жырту мен егінді алудың тынымсыз қара жұмысына ауыл жігіттері келе бермейді.
- Осы орайда заңды сұрақ туады, қарбыз қай айда толық піседі? Ел асыға күтетін қарбызды егудің күтімі қалай болады?
- Дұрыс қарбыз тамыз айында піседі. Ал тұқымды мамырдың басына дейін егіп тастау керек.
- Егінді егу бір басқа да, оны сату да үлкен жұмыс. Өнімді сатумен де өзіңіз айналысасыз ба?
- Орынды сұрақ. Бізге «Асар-С» көтерме базарынан арнайы орын беріледі. Содан кейін «Форттың, Қошанайдың қарбызы» деген атаумен сатылады. Биыл еге бастағанымызға екінші жыл, жалпы бастамасы жаман емес. Былтыр түгел дерлік өнімдеріміз сатылып кетті. Шіріп кетуден, тұрып қалудан сақталды. Сатып алушылар да дән риза. Одан бөлек, Форт-Шевченко қаласындағы шағын дүкендер мен дүңгіршіктерге келісім арқылы жеткізіп отырамыз.
- Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығымен айналысып жатқан кәсіпкерлерге қандай көмек бар?
- Шаруамен айналысамын деген адамға беріліп жатқан мүмкіншілік көп. Егін егу әр қазақтың қолынан келеді. Ата кәсібіміз мал шаруашылығы болғанмен, Құдайдың тартқан сыйы – жерді де дұрыс игере білу керек. Мысалы, жерді жалға алу тым қымбат емес, қолжетімді. Мемлекет ауыл шаруашылығы үшін тиімді пайызбен несие беруді де қарастырған. Тамшылап суару құрылғыларын алуға, құдық қазуға мемлекет субсидия берсе, тыңайтқыш таратуға мемлекеттік бағдарламалардың ұсынған тиімді жолдары да бар. Аудандағы ауыл шаруашылығы бөлімі, бас мамандар мұнда арнайы бас сұғып, егінді бақылап, қажетінше тегін тыңайтқыштар үлестірді.Сіз келерден бір күн бұрын күні бойы сол мамандар жерімізді қарап, өздерінің бақылаулары мен тыңайтқыштарын беріп, келіп кетті.
- Сонда тыңайтқыштардың пайдасы қаншалықты?
- Егін шаруашылығында топырақ құрамын байыту үшін қолданылатын негізгі шара – органикалық және минералды тыңайтқыштар енгізу. Тыңайтқыштар топырақ құрамына кешенді әсер етеді, өсімдіктерді қажетті қоректік элементтермен толықтырады, топырақтың химиялық, агрохимиялық және физикалық қасиеттерін жақсартады. Сондай-ақ, егіс алқабының биологиялық белсенділігін арттырады, топырақ құрамындағы қоректік заттардың жылжымалы, сіңімді түріне айналады.
- Егін шаруашылығын бастағаныңызға биыл неше жыл толды?
- Осы жылы Алла қаласа екінші рет өнім алмақпыз. Бұрыннан бері мал шаруашылығымен айналысып келемін. Егін кәсібі қолымнан келе ме екен, бастап көрейінші дегенді былтыр ойлап, жүзеге асыра бастадық. Шүкір, бастамасы жаман емес. Алдағы уақытта бұдан да жерімізді кеңейтіп, өнім нәтижесін көбейтсек деген ниет бар.
- Өнім алынған жерге араға қанша жыл санап егін егесіздер?
- Мысалы, биыл еккен 10 гектар жерімізге енді 3 жыл егін екпейміз, яғни жер демалады. Ол жерлер бос жатпай, малға жайылым болады. 3 жылдан соң қайта егін еге аламыз. Егінді толық жинап болған соң, қоршалған егістікке малды жібереміз. Мал үшін бұл кәдімгідей 1 ай азық.
- Қожалық өз атыңызда ма?
- Жоқ, қожалық әкем Қазыбек Тілеповтің атында. Айтып кеткенімдей, әкем жастайынан үйде мал ұстады, маған да үйретті. Мен мал өсірудің қыр-сырына қанығып өстім. Түпқараған ауданында «Каспий коммуналдық қызметі» ЖШС Полигон басшысы қызметіндемін, бұл кәсібім жұмысымнан бөлек.
- Егін мен мал шаруашылығын қатар алып жүрсіз. Сонда жасыңыз нешеде?
- 1989 жылы дүниеге келгенмін, жасым 26-да. Екі балам бар, дәм бұйыртып ерте үйлендік. Шаңырақта ұлдан жалғыз болған соң, әкенің кәсібін жалғастыруды борышым санадым.
- Құпия болмаса, малдың ұзын-саны қанша?
- Жасыратын ештеңесі жоқ. Ұсақ-түйек малдан 150-ге жақындайды. 3-4 үйір жылқымыз бар, шүкір.
Қалауын тапқан адамға қара жердің берер ырысы мол. Жас та болса, бас болып жүрген Жанғазының дөңгелетіп отырған кәсібін көргеннен кейін түйген ой болды бұл. Әке шаңырағын ғана емес, кәсібін де дөңгелетіп отырған жігіттің еңбекқорлығына тәнтіміз. Мал мен қоса егінді алқапты кәсіптің көзі етіп, күнкөріске ғана емес үлкен шаруашылық еткісі келетін бұл жігіттің бастамасы да аяқ алысы да жаман емес. Еті тірі, білімі терең, ең бастысы, қай шаруаға да ептілігі мен пысықтығы бірден аңғарылып тұрды. Оның кеңесінше, қойға салатын қошқарды еш уақытта саудаласып алуға болмайды. Қазақта еркек малды саудаламайды екен. Сатушы берген бағаны сауадласпастан алған қошқарын және әр қойының жасы мен сүйегін, бір сөзбен тарихын тізбектеп кете береді.
Жердің бабын тауып, игілігін көре білген Жанғазы бау-бақша өнімін артығымен жинап, маңғыстаулықтарды еш қоспасыз табиғи жеміс пен көкөністерге қарық қылуда. Қарбыз-қауыны мен қызанағынан дәм татқан бір топ журналист Жанғазы Тілеповпен, Қошанай шаруашылығымен қуана қоштасты.
Сұхбаттасқан Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ