Облыстық мұражайда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің бастамасымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Ұлттық музей сенің қалаңда» көшпелі мәдени турының тұсаукесері өтті.
Жас ұрпақ пен аға буын өкілдерінің басын бір жиында тоғыстырған тұсаукесерде облыстық басқарма бастығының орынбасары П. Сармурзина, мұражай директоры Т.Жұмалиева, сәулетші М. Нұрқабаев, өлкетанушы О. Көшбай т.б. сөз сөйлеп, жәдігердің құндылығы мен маңызы туралы пікірлерін айтты.
Ұйымдастырушылар аталмыш іргелі жобаны іске асыруда еліміздің барлық аймағын қамтуды көздеп отырған көрінеді. Алдағы уақытта мәдени саяхаттың басты жәдігері – Тәуелсіз Қазақстанның брендіне айналған еліміздің құнды жәдігері «Алтын адам» барлық облыстар мен қалаларды аралауды жоспарлап отыр.
Мәдени тур Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен 3 күнге жалғасады. Сонымен бірге, келушілер назарына «Ұлттық музейге саяхат» және 3Д графикалық бейнетаспалары ұсынылады.
Шалғайда жатқан мекен жұртшылығының қолы жете бермейтін асыл жәдігерді көрудің тамаша мүмкіндігі туып отырғанын айта отырып, бұл жәдігердің Алматы қаласынан 50 шақырым жердегі Есік обасынан табылғанын, көшірменің таза алтыннан жасалғанын айта кеткіміз келеді. Бір ғана бас киімінің өзі 150-ге жуық әшекей пластинамен безендірілген «Алтын адамның» сақ ханзадасы, немесе жауынгері екені әлі толық дәлелденген жоқ. Бірақ бір бұлтартпас дәлел оның әшекейлерінің аң стилінде жасалғаны және оның қазақ даласын мекен еткен ежелгі бабаларымыздың көзі екеніне ғана ешкім дау тудыра алмайды.
«Алтын адамның» қарапайым жауынгер еместігін бас киіміне қадаулы тұрған төрт тараптың қожайыны екенін білдіретін төрт жебе, биіктік ұғымын білдіретін арқар мүсіні, көк аспан нышаны саналатын құстар, адамдар мен аспан әлемін байланыстырушы барыс, тауешкі т.б. 16 жапсырманың табылуы мен мөр-жүзіктің өзі айтып тұрғандай Сақ дәуірінен бізге жеткен асыл жәдігер иесінің ел көсемі, немесе әскербасы болғаны күдік тудырмайды.
«Мың оқығаннан бір көрген абзал» екенін ескерте отырып, күнде қолға түсе бермейтін құндылықты көзіңіз барда көріп қалыңыздар демекпіз, мәртебелі оқырман!
Үміт ЖӘЛЕКЕ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН