Маңғыстаулық спортшы Асылбек Алпишев парадзюдодан ересектер арасында халықаралық чемпионатта қола жүлдеге ие болды. 4-5 сәуір күндері Қызылордада өткен байрақты бәскеге Грузия, Румыния, Ресей, БАƏ, АҚШ жəне Қазақстан құрама командаларынан 100-ге жуық спортшы 8 салмақта белдесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Спортшыларға Қазақстан парадзюдо федерациясының президенті Қанатқали Досалиев пен Қызылорда облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов сәттілік тіледі. Маңғыстаулық парадзюдошы Асылбек Алпишев 100 келі салмақта татамиге шықты. Оның бапкері - Қалмұрат Темирханов. Асылбек Алпишев ақтық сында қазақстандық Ғалымжан Смағұл мен грузиялық Автандил Киртикадзеге ғана жол беріп, үшінші орыннан көрінді. Айта кетелік, қатысушылардың арасында әлем чемпионы, параолимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, әлемдік рейтингте алдыңғы үштікте тұрған спортшылар да болды. Татамидегі тартысты белдесулер нәтижесінде жалпыкомандалық есепте Қазақстан бірінші, Грузия екінші, Румыния үшінші орынды иеленді. Қазақстан құрамасында 4 парадзюдошы алтын алса, 5 спортшы күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ 11 спортшы қола медальды жеңіп алды. Ұйымдастырушылар тарапынан турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом, медаль жəне қаржылай сертификаттармен марапатталды. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="77089,77090"]