©
Маңғыстаулық спортшылар Латвия елінің астанасы Ригада өткен отырып ойнайтын волейболдан халықаралық турнирде 3-ші орынды жеңіп алды. Бұл жарысқа жеті елден 10 команда қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Жарыстың ережесі бойынша 10 команда бес-бестен екі кіші топқа бөлінген. Маңғыстаулықтар осы топтағы қарсыластары Ресейдің, Москва, Латвия мен Литваның екінші командасын жеңіп, топтан суырылып шыққан. Ал ширек финалда келесі топтағы Польша елінің командасымен кездесті. "Олар былтыр осы турнирдің чемпионы атанған еді. Бірінші партияда ұтылдық. Қалған екі партия тартысты өтіп, командамыз жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда Украина мен Литва кездессе, біз осы турнирдиің иесі латвиялық спортшылармен кездестік", - деп атап өтті команданың бапкері Нұралы Кұлышов. Маңғыстаулық спортшылар үшінші орынға Литваның құрама командасымен таласты. "Бірінші партияда қарсыласымызға жол бергенімізбен, екінші партияны 24:24 есебімен тең аяқтадық. Шешуші соңғы партияда тағы да теңестік. Бірақ маңғыстаулық спортшылар намысты қолдан бермей, соңғы екі допты салып, ойынды 27:25 ұпаймен аяқтап, 3-ші орынды жеңіп алдық", - деді Нұралы Кұлышов. Турнирдегі үздік алты ойыншының арасынан Маңғыстау командасының капитаны Бауыржан Разалиев шабуылшы жүлдесін алды. Маңғыстаулық команданың құрамында жанаөзендік Құралбек Сейдов, Ержан Оңаев, Жеңіс Узбекбаев, ақтаулық Бауыржан Оразалиев, Ерболат Алтаев, Нұрлан Нұрбаев, Ғабит Назарбеков және бапкер-ойыншы Нұралы Кұлышов бар. Команда турнирге қатысуға мүмкіндік туғызған Маңғыстау облыстық спорт басқармасына алғыс айтады.