ҰҚК Шымкент қаласы бойынша департаменті Ұлттық ұланның арнайы бөлімшесін қатыстырумен тұрақты түрде жергілікті бизнесмендерден ірі ақшалай қаражатты қорқытып алумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың 6 мүшесін ұстады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҰҚК сілтеме жасап. Қылмыстық топтың мүшелері бірқатар зорлық-зомбылық, оның ішінде атыс қаруын қолданумен қылмыстар жасады деп күдіктелуде. ҰҚК хабарлауынша, ұйымдасқан қылмыстық топтың негізін бұрын ауыр қылмыстар жасағаны үшін бірнеше мәрте сотталған деструктивті діни ағымды ұстанушылар құраған. "Банда мүшелерін ұстау олардың кезекті кәсіпкерден күш қолданумен және оның өміріне қауіп төндірумен 10 000 АҚШ долларын қорқытып алу сәтінде жүзеге асырылды", - делінген хабарламада. Бірқатар тінту жүргізіліп, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің қару-жарақ арсеналы бар жасырын орын анықталды, 5 бірлік атыс қаруы және оларға оқ-дәрілер алынды. Қазіргі уақытта олардың діни себептер бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының ықтимал фактілері тексерілуде.