Ақтау қаласының жомарт жандары 6 баласы бар отбасыға жаңа салынған үйлерден бір бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Көп балалы отбасы осыған дейін шаһар іргесіндегі иесіз жатқан өндірістік аймақтағы темір вагонды паналап келген. Мұндай сыйлықты күтпеген «Күміс Алқа» иегері Нағима Көпжасарова мен жолдасы Серік Соғысбайұлының қуанышында шек жоқ. Оның 2 бірдей баласы мен жолдасы бірінші топтағы мүгедек. «Енді олардың жылы да жайлы үйде тұруына мүмкіндік туды» дейді көпбалалы ана Нағима Көпжасарова. Қоныстойын тойлауға игілікті іске ұйтқы болған жергілікті билік пен «Ақжүніс» аналар қоғамының өкілдері де келді. 30 шағынаудандағы пәтер «K7 Grouр» құрылыс компаниясының демеушілігімен берілді. "Бүгін қуанышты күн. Біздің отабсымыз үшін керемет жаңалық болды. Әлі де толқып тұрмын. Қыздарым қатты қуанып жатыр. Мұндай пәтерге қол жеткіземін деп ешқашан ойлаған жоқпын. Қуаныштымын, қолдау көрсеткен жандарға Алла разы болсын", - дейді көп балалы ана Нағима Көпжасарова. "Ақжүніс" қорының Маңғыстаудағы филиалы өз жұмысын биыл ақпан айында ғана бастаған. Осы уақыт ішінде қорға 700 көп балалы ана тұрғын үй, жұмыс және денсаулық сақтауға қатысты мәселесін айтып хабарласқан. "Адамгершілік жасап, көмек көрсету дұрыс деп санаймын. Өз атымнан, «Ақжүніс» аналар қоғамының атынан үлкен алғысымды айтамын. Нағима Көпжасарова осы үйде өз бала-шағасымен, отағасымен бақытты өмір сүретініне сенеміз. Отағасы Серік ағамызды қолының шеберлігі бар екен. Біз ол кісіні Ақтау қаласы бойынша «Бизнес 3 күнде» жобасына тартуды ойлап отырмыз. Ол кісі ағаштан әртүрлі бұйымдар жасайды екен. Сол бойынша ол кісінің кәсібін дамытуға қолұшын бергіміз келеді", - дейді «Ақжүніс" аналар қоғамының Маңғыстаудағы жетекшісі Анар Шамшадинова. Енді отағасы өңірде жүзеге асырылып жатқан "Бизнес 3 күнде" жобасы бойынша өзінің кәсібін ашуды жоспарлап отыр. Бұл жобаның ерекшелігі кәсіпке икемі бар, бірақ оны ашуға қаражаты жоқ жандарға қолдау көрсетеді. Құрылыс компаниясының басшысы кәсіпкер Шадырақ Ермекбайұлы бұл отбасыға бизнесін ашу үшін көмек көрсетуге дайын екенін айтты. Айта кетелік, Ақтау қаласы әкімдігінің мәліметінше, қалада 963 отбасы бар, олардың 843-і көп балалы отбасы.