©
Былтыр Маңғыстау облысы арқылы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасынан 2 миллион адам өтті. Оның 1065,9 мыңы Қазақстан Республикасына келсе, 1020,1 мың адам Қазақстаннан шыққан. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына «Теңіз порты» кеден бекетінің бас маманы М.Ақмұратов хабарлады. Шекараны кесіп өткендердің 967,5 мыңы немесе 46,4%-ы Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Тәжен» бекетінде тіркелген. «Бейнеу» бекетінен 837,8 мың адам өткен. Бұл - Қазақстан шекарасынан өткендердің 40,2%-ы. «Әуежай-Ақтау» (халықаралық әуежайжан) 157,9 мың (7,6%), «Темір баба» кедендік бекетінен (Қазақстан-Түрікменстан шекарасы) 70,5 мың (3,4%), «Ақтау» және «Құрық» теңіз порттары арқылы 52,2 мың адам (2,5%) өткен. Шекарадан өтер кезде 10,6 млн АҚШ доллары декларацияланған. Былтыр шекараны автокөлік 128,6 мың рет кесіп өткен. Оның 1053-і - автобус, 75,1 мыңы - жеңіл көлік, 52,4 мыңы - жүк көлігі. Ал шекарадан өткен халықаралық әуерейстері мен жолаушылар пойызының саны 4,4 мыңға жеткен. МО Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Данияр Жаналиновтың айтуынша, кеден саласында қылмысты болдырмау, ресурстарды оңтайландыру мақсатында тәуекелдерді басқару жүйесі қолданылады.