©
Маңғыстау облысында 1214 тұлға нашақорлықпен есепте тұр. Ал Ақтау қаласында есірткіге тәуелді 8 жасөспірім тіркелген. Бұл жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» МО филиалының баспасөз қызметі хабарлады. Алайда ақпан айының қорытындысына қарап наркодиспансер мамандары 2010-2015 жылдарға қарағанда есірткі қолданушылардың саны азайғанын айтады. 1-наурыз – халықаралық есірткіге қарсы күн. Нашақорлық – әлеуметке ортақ проблема, қоғамның дерті. Бүгінде мемлекет тәуелді науқастарды емдеу үшін барлық мүмкіндікті жасап отыр. Науқастарды Павлодар республикалық орталығында амбулаторлық және стационарлық тұрғыда жан-жақты емдеуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек анонимді және сот шешімімен еріксіз түрде ем қабылдау қарастырылған. Маңғыстау облысында есірткіге тәуелді жандарға «Облыстық наркологиялық диспансер» ШЖҚ МКК әлеуметтік-медициналық көмек көрсетеді. «Маңғыстау облысында кең таралған есірткі түрі – каннабинойдтар. Кез келген есірткінің денсаулыққа тигізетін залалы орасан. Осы орайда олардың ішінен апиындар тобын бір шприцпен бірнеше рет қолданатындықтан, гепатит ВИЧ инфекциясын жұқтырады. Апиынды көп мөлшерде пайдаланғандықтан, өлім жағдайына әкелетін кездер аз емес», - дейді наркодиспансер мамандары. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» жергілікті филиалының медициналық қызмет көрсетудің сапасын бақылау бөлімі басшысы Мадина Таңатбергенқызының мәлімшеуінше, диспансер мектеп жасындағы жасөспірімдер мен олардың ата-анасына санитарлық әрі түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізеді. Мұнда есірткі қолданған-қолданбағанды тексеретін арнайы кабинет тәулік бойы жұмыс істейді екен. "Бұл проблеманы шешудің ең басты жолы - дер кезінде «жоқ» деп айта білу», - дейді Мадина Таңатбергенқызы. Айта кетелік, Мемлекеттік емес ұйымдардың жүргізген сауалнамасы бойынша, елімізде әрбір оныншы адам өмірінде бір рет болса да есірткі пайдаланған көрінеді. Бүкіләлемдік дертке арнайы мамандар ғана емес, әрбір азамат қарсы күрес жүргізіп, жан-жағына насихаттауы керек. «Грек тілінде «ұйқы» мағынасын білдіретін «narke» сөзі ағылшын тілінде «narkotik» деген сөзге айналып, ұйықтату, жансыздандыру, сезімсіздендіру деген мағынаны береді. Сана-сезімі уланған адамның мінез-құлқы да күрт өзгереді. Бұрын момын,тұйық,өтірік айтпайтын адам өзгеріп,өтірік айтады,төбелесуге дайын тұрады. Нашақордың белгісі қажетті дозасын қабылдаған күні мұрнынан су аға бастайды, адам санасы тез уланады. Адам есірткінің дәмін алғаш көргенде, ләззат алады, сосын ағзасы тез тәуелді болып іздеумен өтеді. Қолданбаса ұйқысы бұзылады,буын-буыны сырқырайды. Сөйтіп бара-бара тек ауырмау үшін іздейтін күйге жетеді», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалының бас сарапшысы Аянгүл ЖҰМАШ.