©
Қазақстанда мемлекеттік органдардың бірыңғай сайты жұмыс жасап, қалғандары жабылады. Бұл жайында ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. Министрдің айтуынша, бірыңғай сайтқа орталық мемлекеттік органдардың, өңірлік әкімдіктердің де порталы кіреді. «Биыл біз мемлекеттік органдарға gov.kz бірыңғай интернет-порталын жасамақпыз. Жүздеген сайттың орнына біреуі болмақ. Бәрі бірыңғай порталдың ішінде болып, басқалары қаржыландырылмайды. Бұл портал қазір тестілеуден өтіп жатыр. Ол ең бірінші кезекте тұтынушылардың қажеттілігін өтейді. Барлық министрлік пен мемлекеттік қызмет сол сайтта болмақ. Арнайы бөлім сайттың жаңартылуын қадағалайды. Бұның бәрі көпшілікке сәуір айында таныстырылады», - деді Абаев министрліктің кеңейтілген алқасында. Оның сөзінше, қазір мемлекеттік сайттарды ұстауға жұмсалып жатқан миллиардтаған теңге үнемделеді. «Ақырындап 2 жыл ішінде біз барлық мемлекеттік сайтты жабамыз. Бұл қаражатты айтарлықтай үнемдеп, ал қызметтің сапасы өседі. Мемлекеттік органдар техникалық сүйемелдеуге, жаңартуға жауап бермейді, тек контент үшін жауап береді. Министрлік 2 бөлімге жауап береді: жаңалыққа және мемлекеттік қызметке», - деді ол. Министр бұны революциялық шешім деп атады және ақпаратқа қолжетімділікті арттырады деді.Ақкенже БЕРКЕНОВА