Бүгін Ақтауда Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Жастар жылы – жаңа мүмкіндіктер» өңірлік жастар форумы өтті. Іс-шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, мемлекеттік мекеме басшылары, мәслихат депутаттары, облыс әкімдігі жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар, шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдері, жас спортшылар, дарынды жастар, медиа саласының өкілдері, «Жас сарбаз» әскери патриоттық клубының мүшелері, барлығы 300-дей өкіл қатысты. Форум өңірде мемлекеттік жастар саясатын жан-жақты қолдау мен жүзеге асыруға бағытталған ауқымды шараларды айқындау, жастар жүзеге асырған жаңа табысты жобаларды таныстыруды көздейді. Шараны ашып берген облыс басшысы алдымен Астанада өрт салдарынан көз жұмған бүлдіршіндердің отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Өз ісімен қоғамға пайда әкеліп, өзгелерге үлгі болып, белсенділік танытқан, жетістікке жеткен бір топ жас дәл осы жиында бас қосты. Олар көпшілік алдында айналысып жүрген істерін таныстырып, мақсаттарын ортаға салды. Олардың бірнешеуін облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы әрі қарай дамыту, қолдау қажеттігін баса айтты. «Қайырлы күн, форум қатысушылары! Мен қарапайым отбасында дүниеге келдім. Анам мен сіңілім бар. Жетістіктерммен анамды қуанту бала күнгі арманым еді. Мектеп қабырғасынан бастап ғылыми жұмыстарға қатыстым. Университеттің алғашқы курстарында армандарымды орындау үшін көп еңбектену қажеттігін түсіндім. Әлеуметтік жобалар байқауы өтетінін естіген соң, көзі нашар көретін адамдарға арналған «Ақылды таяқ» жобасы ойыма келді. Факультет деканы ойымды қолдап, жаныма 5 студент қосып берді. Сөйтіп жоба дүниеге келді. Таяқшада GPS-модуль орналасқан, ол қолданушының қай жерде жүргендігі туралы ақпарат беріп отырады. Сондай-ақ қолданушы қиын жағдайға ұшырағанда жақын адамына байланыса алатын тетікше бар. Астыңғы бөлігіне аяқ астындағы кедергілерді ескертетін тетік орналасты. Қазір протатип әлі де толықтыру үстінде. Алда аудиоқызметтер де қосқалы отырмыз», - дейді Есенов университетінің студенті, көзі нашар көретін азаматтарға арналған «Ақылды таяқ» жобасының авторы Айнұр Қуанова. 19 жастағы өнертапқыштың туындысын қолдауды Ералы Лұқпанұлы облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаеваға тапсырды. Өнертабыстың «Нұр капитал» бағдарламасына таптырмас жоба екенін жеткізді. «Ақылды таяқ» жобасы туралы толығырақ сайтымызда бұған дейін жазғанбыз. Жас өлкетанушы, республикалық «100 жаңа есім» жобасының қатысушысы Кенжебек Сержанұлы да жиында сөз алды. Қазыналы түбектің тауы мен тасын, ұлы тұлғаларын зерттеп жүрген жас маман аймақ басшысынан Иса Тіленбайұлы мен Досан Тәжіұлының ұлт-азаттық көтерілісі хақындағы толықметражды көркем фильм түсруге қолдау көрсетуді сұрады. Е.Тоғжанов ұсынысты жүзеге асыруды мәдениет басқармасына жүктеді. Сондай-ақ форум аясында жас әлеуметтік ерікті, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Қаламқасмұнайгаз» өндіріс кен орны Жас мамандар кеңесінің төрағасы Есжанов Ерболат, «Каспий» футбол клубының ойыншысы, «Арсенал Киев» командасының тәлімгері Алтынбек Мырзабеков, «Өзенмұнайгазсервис» ЖШС шебері Орынбасар Сейдов, жас кәсіпкер, ментор, «Үздік педагог-2018» байқауының жеңімпазы Фатима Салқынбаева, ментальды арифметикадан жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы, рекордтар кітабына енген Орынгүл Арыстан қауым алдына шығып сөз сөйледі. Өңір басшысы еңбек етуге, кәсіп жүргізіп, өнім ұсынуға ниетті жастың қай-қайсысын да ескерусіз қалдырмауға тырысты. Белсенді жастарға өз атынан алғыс білдірді. Айта кетейік, биыл Жастар жылына орай Маңғыстау облысында 100 шара өтеді. Оның ішінде Ақтау саммитінің 1 жылдығына арналған форум, халықаралық марафон сынды ауқымды шаралар да ұйымдастырылмақ.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="71236,71237,71238,71230"]