Астана әкімдігінде өрт салдарынан зардап шеккен отбасы туралы мәлімет жарияланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. «Өрт салдарынан көз жұмған балалардың анасы пластикалық карта шығаратын зауытта, ал әкесі көлік жөндеу орталығында қызмет етеді. Қайғылы оқиға кезінде екеуі де түнгі ауысымда жұмыста болған», - деп нақтылады елорда әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева. Белгілі болғандай, балалардың әкесі 1984 жылы, анасы 1986 жылы дүниеге келген. «Екі бала мектепте төртінші және алтыншы сыныпта оқып жүрді. 2014 жылғы үшінші бала өткен жылдан бастап мемлекеттік балабақшаға орналастырылған. 2016 жылғы балаға биыл балабақшаға жолдама берілуі тиіс еді», - деді Ж. Жүргенбаева. Еске сала кетейік, 4 ақпан күні түнінде елорданың Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабында өрт шықты. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылы дүниеге келген 5 баланың денесі табылды. Ең кішісі небәрі үш айлық сәби еді. Сонымен қатар, бүгін Астана әкімі Бақыт Сұлтанов бес баланың өрттен көз жұмуының себеп-салдарын анықтауды талап етті. Өрт салдарынан зардап шеккен бұл отбасы баспана кезегінде тұрмаған. [caption id="attachment_71045" align="aligncenter" width="1024"] Сурет сайт архивінен[/caption] Зардап шеккен отбасыға қаржылай көмек көрсетіледі, - деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты. Бақыт Сұлтанов «Көктал-1» тұрғын алабында орын алған қайғылы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді. «Осы жағдайға душар болған отбасына қайғыра көңіл айтамын. Қала басшылығы оқиға орнында болды. Қаза тапқан балалардың ата-анасымен психологтар және әлеуметтік қызмет мамандары жұмыс істеуде. Зардап шеккен отбасына қалалық әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. «Сарыарқа» ауданы әкіміне жерлеу рәсімін ұйымдастыруды және отбасына уақытша баспана беруді, жанған үйді тез арада қалпына келтіру үшін қаражат бөлуді тапсырамын», - деді қала әкімі.