Ақтауда өлкемізге белгілі парсы, ағылшын тілдерінің маманы «Жаһан нама» атты аударма кітаптың авторы Нияз Тобыштың жастармен кездесуі өтті. Келелі кездесу «Арман» Коворкинг орталығында болды. Оған 40-қа жуық шет тілдерінде аудармашылық мамандығында оқып жатқан студенттер де қатысты. Еркін пікір алмасу, ойталқы форматында өткен кездесуде жастар да, ғалым да пікірін ортаға салды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. «Ғалыммен сұxбат құру оңай болмады. Ойы тым биік, сөзі тым ауыр. Ғалымның "шаңына ілесуге", барынша молынан ақпарат алуға тырысып бақтым. Көптеген жиылыс өтіп жүрсе де, бұл мен үшін есте қалатын кездесу болды», - дейді Маңғыстау облысы жастар ресурстар орталығы Жастар жобалары және шығармашылық бөлімінің басшысы Мұқаш Оралбай. Ғалым Н. Тобыш кездесуде жырақта жүрген шақтары мен Иран қазақтарының жайынан бастап елдегі жастардың әл-ауқаты мен болмысын туралы әңгімеледі. Сондай-ақ ақтаулық жастар дін жайын, тілдерді үйренудің қаншалықты қажет екендігі жөнінде көкейіндегі сауалдарды қойды. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="71016,71005,71007"] Жастармен басқосуда Нияз Тобыш үш тілде жарық көрген «Жаһан нама» кітабын таныстырды. Әлемдік бәсекеге төтеп берудегі ағылшын тілін меңгерудің маңыздылығын айтты. Айта кетелік, "Жаһан нама" - әлемнің алғашқы географиялық кітабы. 1208 жылы жазылған кітап ең алғаш рет қазақ тіліне аударылған. Кітапты Нияз Тобыш аударды. Бұл кітап - 20 тараудан тұратын үлкен дүние. Бір тарауы — көлдер, бір тарауы — мұхиттар, бір тарауы мұхит ішіндегі — аралдарға байланысты болса, 14 тарауы – «Елдердің қоныс аударуы» деген тақырыпқа арналған. Сонымен қатар Нияз Тобыш әрбір жарық көрген кітабын жіті таныстырып, қазақ жастарының арасынан ғылымға бетбұрыс жасап жүргеніндерге ризашылығын білдірді. «Елімнің керуен көші жолында титтей де болса септігім тисе одан артық байлық та, бақ та сұрамас едім...», - деді Нияз Тобыш жиынның соңында.
Ақкенже БЕРКЕНОВА
Суреттер Маңғыстау жастары фейсбук парақшасынан алынды