©
2018 жылы Қазақстанда 37 мың адам автокөлік басқару құқығынан айырылды. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына жауап берген ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Қ.Қасымовтың жауабына қарағанда, ІІМ тарапынан еліміздің жолдарында бақылауды күшейту бойынша тиісті шаралар қабылданған. Жыл сайын 2,5 млн астам бұзушылық анықталады. Тек 2018 жылы автокөлікті мас күйінде басқарудың 25 мыңға жуық фактісі анықталды. Мұнан бөлек, жол жүрісі қозғалысы ережесін өрескел бұзғаны үшін сот 3,2 мың адамды әкімшілік қамауға алды, 37 мың адамды автокөлікті басқару құқығынан айырды. Жаяу жүргіншілердің жол жүрісі қозғалысы ережесін бұзуын болдырмау бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Олардың тарапынан былтыр 171 мыңнан астам жол жүрісі қозғалысы ережесін бұзушылық анықталды. «Сонымен қатар халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жүргізушілерге және жаяу жүргіншілерге қатысты тек полиция санкцияларын қолдану ұзақ уақытқа тиімді бола қоймайды. Сондықтан апаттылық үшін жауапкершілікті тек «адами факторларға» жүктеуге негізделген жол жүрісі қауіпсіздігіне дәстүрлі көзқарасты өзгертудің объективті қажеттілігі бар. Біздің көзқарасымыз бойынша жол инфрақұрылымын дамыту және оны халықтың деңгейіне сәйкес келтіру жоғары деңгейде көңіл бөлуді талап етеді», - деді ол. Министрдің айтуынша, тек соңғы 10 жылда еліміздің автопаркі 3 млн көлік құралының бірлігінен 4,3 млн көлік құралы бірлігіне дейін ұлғайды. «Бұл бөліп және ұстап тұратын қоршауы бар көп жолақты автомагистральдар, әр түрлі деңгейлердегі көліктік жол айрықтары мен жаяу жүргінші өткелдерін, тротуарлар, жарықтандыру салу мәселелерін дереу шешуді талап етеді. Бұл жол-көлік оқиғасын жасау тәуекелін азайтады», - деді Қ.Қасымов.