Ақтауда «Дала, сенің қараймын қабағыңа...» атты ақын Оңайгүл Тұржанның поэтикалық-мюзикл кеші өтті. Бұл кешті көрген де арманда, көрмеген де арманда. Жыр сүйер қауым көптен күткен поэзия кеш Н. Жантөрин атындағы драма театрда өтті. Ақынның өлеңдерін тыңдау үшін келген кісінің көптігі сонша залда ине шаншар орын болмады. Бұл кеште ақынның өзі мен театрдың актерлері жыр оқып, ҚР Еңбегі сіңген қайраткері Айгүл Қосанова, Құрмет орденінің иегері Тамара Асар ақынның сөзіне жазған әндерді орындады. Кешке Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Гүлнар Сейтмағанбетова, жазушы Төлен Әбдік, ақын Светқали Нұржан, ақынның өмірдегі және өнердегі достары мен жыр сүйер Маңғыстау жұртшылығы қатысты. «Тамаша өлеңді түсіну үшін Оңайгүлді оқу керек» деп белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай баға берген Оңайгүл Тұржан - Маңғыстауда туып, шығармашылығымен бүкіл республикаға танылған ақын. Ол 1955 жылы Маңғыстау ауданының Ұштаған ауылында өмірге келген, бүгінде Еуразия университетінің доценті. «Махамбет өлеңдерінің поэтикасы» атты монографиясы, «Шерқала»,«Жыр-дала», «Теңіздер де шөлдейді», «Жыр кітабы» атты өлең жинақтарының авторы. Стефан Цвейгтің, Зигмунд Фрейдтің еңбектерін қазақшаға аударған. Ол тек әдебиетте ғана емес, ғылымда да өз орны бар жан. Астанада қызмет етсе де қашан да ауылын аңсап жүретін ақынның кеші де «Ауылды сағыну» атты өлеңімен басталды. «Биіктен төмен қарай қашқан еңіс, Қаптаған қызғалдаққа ашқан өріс. Мәңгілік бостандықтан басы айналып, Қаңғып жүрген бұлттарға аспан – өріс», - деп, ауылға деген сағынышын өлеңмен жеткізсе, енді бірде «Сағынардай не бар сол Уәліде» деп тебіренді. https://youtu.be/Uy7vV_ihXgc Кеште театр актерлері ақынның «Жаһандану», «Қайда зытып барасың, құмай заман» деген өлеңдерін, «Рухпен тілдесу», «Құмдар философиясы», «Көкбөрілер жыры», «Каспий және суын жылқылары», «Зулай ұшып барады құстай жалған» және басқа өлеңдерін жатқа оқыды.
«Оңайгүлдің өлеңдерінде ән бар»
Жазушы, драматург, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері Төлен Әбдік кеште ақын Оңайгүл Тұржанның өлеңдеріне жоғары баға берді. - Поэзия деген сиқырлы әлем ғой. Сол поэзияны жасайтын ақындар деген халық бар. Соның бірі – қазақтың аса талантты қызы, аяулы ақыны Оңайгүл Тұржан. Оңайгүлдің өлеңдерінде ән бар, қайтпас қайсар өр мінез де бар, сыршылдық та бар, дәлдік те бар, елге, жерге деген сүйіспеншілік, бәрі бар. Жақсы ақын болу үшін жақсы өлең жазу, жақсы ұйқас аз, ақынға үлкен дүниетаным, көзқарас керек, азаматтық позиция керек. Мен бүгін Оңайгүлдің бойынан осыны көріп отырмын. Оңайгүл табиғатты жырлай ма, әлде елге деген сағынышын айта ма, ішіндегі көңіл-күйін айта ма, бәрінде де әлеуметтік мотив тұр. Әлеуметтік мотив елдің тарихына байланысты, елдің азаттығына байланысты, осындай ойлар бүкіл поэзиясынан көрінеді. Жақсы адамның әлемі таусылмайды. Әр тыңдаған сайын, әр көрген сайын жаңа қырынан ашылып отырады. Оңайгүл тек ақын емес, оның сыртында ғалым. Мен Оңайгүлдің «Махамбеттің поэтикасы» деген көлемді монографиясын оқып шықтым. Махамбеттің поэзиясын бұлай талқылаған, бұлай жіліктеген, оның тереңіне үңілген басқа монография көрген емеспін. Жанның азығы - руханият, руханияттың ішінде поэзия. Бүгінгі кешті көріп отырып, ойымнан Махамбет кетпеді. Осы Махамбеттің рухы Оңайгүлдің поэзиясында бар деп айта аламын, - деді жазушы.Әкімі ақынын іздеген кеш
Ақынның кешін туған өлкесі Маңғыстауда өткізуді облыс әкімі Ералы Тоғжановтың өзі ұсыныпты. - Поэзияға құрмет көрсету – ата-бабамыздан келе жатқан салт еді, бірақ соңғы жылдары ол салтқа көлеңке түсті. Әр түрлі себептермен, әр түрлі жағдайлармен. Сол көлеңкеде қалған поэзияны жарқыратып алып шығуға қызмет ету – ерекше қасиет. Ералы Лұқпанұлы «Сіздің поэзия кешіңізді Маңғыстауда өткізейік» деп өзі ұсыныс жасағанда таң қалдым және қатты қуандым, - деген ақын Оңайгүл Тұржан кештің өтуіне мұрындық болған Маңғыстау облысының әкіміне алғысын білдірді. Маңғыстаудың тауы мен тасын, құмы мен теңізін жырына арқау еткен ақынға кеш соңында Ералы Тоғжанов өлке жұртшылығының атынан пәтердің кілтін табыс етті.Камшат ОҢҒАЛТАЙ, Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
https://youtu.be/qAQQb7jTe_c [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="70062,70063,70072,70071,70067,70064,70066,70065,70070,70075,70069,70068"]