Бүгін Ақтауда «КазАзот» АҚ болған төтенше жағдай салдарынан 1 адам зардап шекті. Оқиға күндізгі сағат 11.00-де болған. Басынан жаратқан алған адам Маңғыстау облыстық ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Зардап шегуші 1986 жылы туған азамат басына жарақат алған. «Жігіт Маңғыстау облыстық ауруханасына бас сүйегінің ашық жарақаты, бас сүйегінің біріккен жерінің көлемді сынуы, арқасы мен аяғын 20% термиялық күйік шалу диагнозымен жеткізілген. Зардап шегушіге жедел түрде МО аурухананың нейрахирургтары ота жасады», - деді МО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметкері Азамат Сәрсенбаев. Нейрохирургтар науқастың бас сүйегін ашып, желке сүйегінің сынған бөліктері алып тастады. Қазір науқастың жағдайы өте ауыр. Оны жан сақтау бөліміне ауыстырды. Әзірге болған оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Ақкенже БЕРКЕНОВА
Суретті МО Денсаулық сақтау басқармасы ұсынды