©
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ГМ-172/6 түзеу мекемесінің бастығы мен орынбасарына қатысты сот үкімі жарияланды. Екеуіне 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Әзірге үкім заңды күшіне енбегенін мәлімдеді Ақтау қалалық соты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ГМ-172/6 мекеме бастығы С. мен орынбасары Б. жазасын өтеушіден 500 мың теңге көлемінде пара алған. Күдік тудырмау үшін әдейі танысының банкомат картасына аудартқан. Ақшаны жазасын өтеушінің азаматтық некедегі әйелі жіберген екен. Параның 100 мың теңгесін орынбасары өзіне алып қалған. Айыпталушылардың қылмысы сот мәжілісінде іс құжаттарымен және куәгерлердің келтірген мәліметтерімен дәлелденген. Осылайша, Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігінің 1,2-тармақтарымен кінәлі деп танылып, оларға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Әзірге үкім өз күшіне енген жоқ. Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың қараша айында осы мекеменің 4 бірдей басшы қызметкері сотталған еді. Олардың біреуі мекеменің бастығы, қалған екеуі орынбасары, біреуі бөлім басшысы болған. Олардың төртеуіне де сыбайлас жемқорлыққа жол берді деген айып тағылған. Ақтау қаласынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан бұл мемлекеттік мекеме — қатаң тәртіптегі түзеу колониясы. Сонда бұл қызмет бармағын жалайтындар үшін бал болғаны ма?Ақкенже БЕРКЕНОВА