©
Бұл туралы Ақтау қалалық әкімдігінде өткен брифингте білім бөлімі басшысының орынбасары Алтынай Элеупов айтты. Бухгалтерияларды біріктіру әзірге жоба ретінде қаралып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Білім беру мекемелерін оңтайландыру мақсатында өткен жылы облыста қазақ балалар өнер мектебі мен А.Тарақұлы атындағы өнер мектебі біріктірілген. Сондай-ақ екі кешкі мектеп қосылып, мамандандырылған экономикалық лицей мен №24 жалпы білім беру орта мектебі біріктірілуімен ІТ мектеп-лицейі ашылған.
Сонымен қатар мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту және Ақтау қалалық білім үйлестіру орталығы қослыып, «Ақтау қаласының білімді дамыту орталығы» құрылды. Ол қаламыздың барлық білім беру ұйымдарының тиімді қызметін үйлестіру мен бақылауды қамтамасыз етпек.
Енді білім беру саласындағы іс-шаралар осы орталықтың 100 орындық акт залында өтеді.
«Бұл орталық құрылмай тұрып қаламыздағы мемлекеттік балабақшаларды үйлестіру орталықтарына біріктіру жоспарланған. Алайда шетелдік және басқа өңірлердің тәжірибесіне сүйене отырып, қаладағы 64 білім беру мекемесін орталықтандырылған бір бухгалтерияға енгізу тиімді екенін байқадық. Қазір қаладағы 25 мектепте 77 бухгалтерлік штат бар. Онда нақты 35 есепші жұмыс істейді. 35 мемлекеттік балабақшадағы бухгалтерлік штат – 52, бірақ 34 есепші жұмыс істейді. Оның 4-і зейнеткер», - дейді А. Элеупова.
Шетелдік тәжірибеге сүйенген мамандар «басшылар мекеменің қаржылық жағдайымен айналыспауы қажет" дегенді айтады. Ал «бухгалтериялар біріктірілгенде есепшілер жұмыссыз қалуы мүмкін бе?» деген де сауал туындайды.
«Білім беру ұйымдарының қаржылық жұмыстары орталықтандырылған 45 есепші үшін жұмыс орны бар. Ал қалған қызметкерлерге қаланың білім беру мекемелерінен бос лауазымдар ұсынылмақ. Демек ешкім жұмыссыз қалмайды деген сөз. Балабақша мен мектеп басшылары тек баланың білімі мен тәрбиесімен айналысатын болады. Орталықтандырудың басты артықшылығы – мемлекет қаражатын үнемдеп, тиімді жоспарлау мен қаржыландыруға әкеледі», - дейді А.Еркінқызы.
«Бірыңғай бухгалтерия орталығын құру жоспары әзірге жоба екенін айтқым келеді. Алдағы уақытта әлі жан-жақты қаралады. Кей есепшілердің бірнеше жерде жұмыс істеу фактісі, демеуші тарапынан түскен қаражаттың қайда кетіп жатқаны, ата-ананың жарнасы қайда, қашан төленгені секілді жұмыстарды бір жүйеге түсіру мақсатында жасалып отыр. Толық ақпарат алдағы уақытта беріледі», - дейді қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Бағдат Тұрғанбаева.
Айта кетейік, былтыр өңірде 1495 орындық 9 балабақша өз жұмысын бастаса, биыл тағы 3 балабақша14, 17 ш/а және Приморский елдімекенінен ашылмақ. Ал бүгінде қала бойынша 0-6 жастағы 14 646 бала балабақша кезегінде тұр.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Басты сурет сайттың архивінен