Бүгін қаладағы қос кинотеатрда Елбасы жайлы фильмнің көрсетілімі болды. Бірінде жастар жиылса, екіншісіне Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов және орынбасарлары мен басқарма басшылары келді. Оқушылар мен студенттер де тарихи картинаны тамашалап, Астананың 20 жылдық кезеңіне саяхаттады.
Бұған дейін аталмыш туындының жарық көргенін сайтымызда жазғанбыз. Кино Қазақстанның бас қаласының ауысу кезеңі, шешімдер мен алғашқы іс-әрекеттерден басталады. Оқиға 1994 жылғы шілде айында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру жайлы қабылдаған маңызды шешіміне байланысты өрбиді.
Жаңа Елорданы салу, қалыптастыру, халықты көшіру жұмыстары баяндалып, көрерменін қала тарихымен таныстыруға тырысқан. Бұл кезеңдердегі Елбасының атқарған істері мен рөлі кеңінен қамтылған.
Астананың елорда ретіндегі алғашқы тұсаукесер рәсіміне қатысқан Маңғыстау облысы мәдениет басқармасының басшысы Пания Сармурзина фильмнен алған әсерінің ерекше екенін жеткізді:
«Қазақстанның тәуелсіздік алған соң Елордасын тұрғызып, мұндай деңгейге жетуі – расында Елбасының үлкен еңбегінің арқасы. Астана құрылған уақыттан бері мәдениет саласында қызмет атқарамын. Біз басы-қасында болмағанымызбен, жергілікті жерде бұл жұмыстарға араластық. Астананың құрылып, жетістікке жетіп, жоғары деңгейге көтерілуі – әрбір қазақстандық үшін мақтаныш. Ал бүгінгі көрген фильмімізде Астананың өмірге келуінен бастап 20 жыл ішінде жеткен жетістігі керемет суреттелген. Әр көрерменге жақын деп ойлаймын. Фильмде көрсетілген тарихи деректердің барлығы шындық. Сол кездегі кейіпкерлердің барлығы бүгінге дейін қызмет етіп жүрген азаматтар. Астана қаласының халықаралық ашылуы өтіп, тойланған уақытта біз Маңғыстау облысының өнер қызметкерлерімен барып қатысқан болатынбыз. Спутниктен Талғат Мұсабаевпен байланыс орнатылған сәт, керемет концерт, жиын бәрін көрген едік. Сондықтан барлығы маған ыстық сезіліп тұрды», - дейді ол.
«Бұл киноның астары, мән-мағынасы өте терең. Бәріміз, әсіресе жастар Астананың қазіргі келбетін біледі де бірақ оның бүгінге қандай еңбекпен, қиындықпен келгенінен бейхабар. Елбасымыз, ел ағалары, жан-жағында жүрген көмекшілері, әріптестері Астананың жоғары деңгейге көтерілуіне зор үлесін қосты. Қазір Елордамызға тек қазақстандықтар емес, шетелдіктер де қызығады, көргісі келеді. Сол себепті рухымызды көтеретін ұлттық құндылығымызды сақтап, қадірлей білуіміз қажет», - деп өз әсерімен бөлісті МО спорт басқармасының басшысы Нұрбек Қарабалаев.
Фильмді тамашалауға келген студент Ержан Манарбек те картинадан өзіне тың ақпарат, жігер алып шыққананы айтады. «Бүгінгі кинофильмнен Астана қаласының қалай көркейгенін тамашаладық. Елбасының көрегенділігі, ақылдылығы мен парасаттылығының арқасында біраз іс жасалды. Фильм жастарға үлкен өнеге, ғибрат беретін туынды деп есептеймін. Сонымен қатар Астана қаласының көркін елімізге ғана емес, бүкіл әлемге әйгілейтін, танытатын өте ұтымды картина», - дейді ол.
Айта кетейік, Президенттің рөлін Мұрат Ахманов сомдады. Оны гримдеген Марк Кульер. Сценарийді Әділбек Жақсыбеков пен Тимур Жақсылықов жазды.
Киноның түсірілімі былтыр желтоқсанда басталып, 2018 жылдың жазында аяқталды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="67960,67961,67962,67959,67958,67955,67954,67953"]