Бүгін Есенов университетінде «Әбілқайыр хан мен Бопай ханымның өмір жолы және ұлт тарихындағы орны» атты ғылыми-конференция өтіп, «Әбілқайыр хан мен Бопай ханым» кітабының тұсауы кесілді. Оған белгілі тұлғалар, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, оқу орны басшылары мен өкілдері қатысты.
Шара қазақ ханы, Шығыс халықтары тарихындағы ірі саясаткер, дипломат-мәмілегер, данышпан қолбасшы, мемлекеттік тұлға Әбілқайыр хан мен оның жары, халықтың қоғамдық-саяси өміріне зор үлес қосқан ұлы ана Бопай ханымның туғанына 325 жыл толуымен орайластырылды.
Есенов университетінің ректоры Берік Ахметов Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлыларды ұлықтап, олардың саяси, мемлекеттік істерін, тәрбиелік-тағылымдық мәнін ұрпақ санасында жаңғыртуға арналған халықарылық ғылыми-теориялық конференция өткізуді қолға алғанын жеткізді.
«Бүгін мал сойғызып, елге таратып, Бекет Ата мешітінде Құран қатымын жасап, конференцияны бастап жатырмыз. Сондықтан бәріңізге сәттілік тілеймін. «Қыз өссе, елдің көркі» деген сөз бар. Бопай ханымның дүниеден өткеніне қанша ғасыр болды? Соның өзінде ол арқылы елдің еркіндігін, тамыры тереңде жатқан қазақ халқының бүкіл бет-бейнесін танып-біліп жатырмыз. Оның елге жасаған еңбегінен бұрын сол замандағы Бопай ханым бүгінгі сіңліліеріне не айтып кетті, қазақ қыздары не алуы керек деген мәселеге мән беруіміз қажет. Ең бірінші, Бопай ханым – қазақтың аяулы қызы. Тектілердің құнарлы топырағынан, қасиетті елден шыққан бәріміздің анамыз. Әкесі Сүйіндік батыр, ағасы Мырзатай ел қорғаған, халықтың батасын алған. Кешегі тар заманда елге қалқан болған. Міне, ол – қасиетті адамдардың қанынан жаралған Бопай ханымнан бүгінгі қазақ қызы ақылдылықты, парасаттылық пен имандылықты алуы керек. Екіншіден, ол қазаққа үш бірдей ханды сыйлаған адам. Нұралы, Ералы, Айшуақты сыйлаған құнарлы топырақ», - деп атап өтті МО әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов.
Әбілқайыр хан халқымыздың ұлы хандарының бірі, алмағайып заманның данагөй мәмілегері, саясаткер, әскери қолбасшы болса, Бопай - оның өмірлік жары, халқы «Бара бәйбіше» мәртебелі атағын сыйлаған, ел басқару ісінде даналығымен, көрегенділігімен еліміздің, жеріміздің тұтастығы үшін саналы ғұмырын сарп еткен қайраткер.
«2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында Ақтөбеден 530 шақырым қашықтықтағы Ырғыз аумағындағы хан моласында жерленген Әбілқайыр ханның құрметіне өткізілген үлкен республикалық деңгейдегі асқа қатыстым. Сол астан қайтарда маған ой келді. Неге Бопай ханымды жарыққа шығармасқа? Содан ақтөбелік бауырларымызбен ақылдасып, Бопай ханымды зерттеу, жарыққа шығару жоспары пайда болды. Ақтөбелік Игілік Барысайұлы, Рәукен Отыншин, Жәнібек Әнешов, Келдібай Есмағамбетов, Мұқтар Орынбасарұлы, Сағын Ибраевтар болып бұл ойымызды атыраулық, маңғыстаулық азаматтарға айттық. Сөйтіп Орынборға үш рет барып апамыздың әуелі орнын біліп келдік. Екінші сапарымызда сыртын қоршап, қазақ, орыс тілдерінеде құлпытас жазып, орнаттық. Сүйегін сұрағанда губернатор комиссия жібереді ғой, сол кезде оңай болсын дедік. Үшінші барғанымызда мен топырақ алып келіп, Құлсарыдан 20 шақырымдағы Бақаш қорымына жерледік. Биыл күзде Әбілқайырдың басына барып, дұғамызды оқып қайттық. Сол еңбектеріміздің жемісі ретіндегі 500 бетке жуық жазып шыққан кітаптың тұсауын кескелі отырмыз», - деді кітап авторы Ислам қажы Мырзабекұлы.
Конференция аясында аталмыш кітаптың тұсауы кесіліп, жұртшылыққа таныстырылды. Тұсаукесерге Табынай Бопай ханымның ұрпағы Амангелді Өрбісінов арнайы қатысты. Көпшілік оқырманға арналған туындыға хан мен ханым жайлы зерттеу еңбектер, жолжазбалар, күнделіктер, арнау өлеңдер, «Хан кегі» дастаны, ұрпақтар шежіресі, республика деңгейінде өткізілген мәдени-танымдық шаралар кеңінен қамтылған. Әзірге кітаптың 50 данасы жарық көрген. Демеуші табылса, автор туындыны көбейтіп шығармақ ниетте.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="67945,67944,67948,67947,67949"]