Өнер – Тәңірдің берген аманаты. Аманатқа қиянат жасамау сол өнерді халық игілігіне таратудан болса керек. Өнердің ең негізгі төрт тағаны – поэзия, сурет, мүсіндеу және музыка десек, сазгерліктің сыры терең тылсымға үңілуден.
Кеше жұртшылықты талайдан бері ынтықтырған әуесқой сазгер Айкүміс Досанның «Кеудемде бітпес бір ән бар...» атты шығармашылық кеші өтті. Айкүміс Досан – қоғам үшін өнімді еңбек еткен, талай жылдардан бері мемлекеттік қызметте түрлі лауазымды орындарға отырып ел игілігі үшін жұмыстанған жан. Қазіргі сәтте Түпқараған ауданының мәслихат хатшысы болып отырған сазгердің кешін облыс әкімдігімен қатар, облыстық мәдениет басқармасы қоса қолдап өткізді. Мұрат Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның концерт залында ине шаншар орын болмай, көптеген кісі кеш барысын тік тұрып та тамашалады. Бұл – халықтың сазгер апайымызға деген ыстық ықыласын аңғартып тұрғаны. Кеш шымылдығын Айманкүл Ботабаева жан тебірентер «Қызылөзен» әнімен ашқаннан соң, алқалы топтың сөз тізгінін облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов алған:
- «Ұлы даланың жеті қыры» деп рухани бағытта жан салып жатқанымызда алты қырлы өнерге бай апамыздың елеулі кешіне келгенімізге қуаныштымыз. Тек тегін жібермесін осыдан аңғарып тұрмыз. Сонау бағзы дәуірден екі ішекті аспаппен екі дүниені тебіренткен күйші, жыраулардың өнері қаннан қанға жұғысып, бүгінгі ұрпақтың да жадында жаңғырып тұр. Сөзге шешен, іске бейімді апамыздың жұрт жолында талай айтулы қызмет жасағанын біз әр кезде де біліп жүрміз. Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың жылы лебізін жеткізе отырып, амандық-саулықта Маңғыстау жұрты үшін тер төге беріңіз! - деп ниетін жаудырды.
Мұнан соң Мақсат Нұрлыбекұлы елдің атынан деп сый сияпат тарту етті. Жалпы Айкүміс Досан қырыққа жуық әндер сазын нақышына келтіре шығарған. Кешке елуден астам өнерпаз ат салысып, әнге шөлеркеген жұртшылықты тәнті етті. Гүл шоқтарын толассыз жаудырған маңғыстаулықтар шын өнердің қадірін қашан да терең ұғынады. Айта кетер бір жайт – кеш «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жергілікті композиторлардың шығармашылығын нәсихаттап, өнерін дәріптеу мақсатында өткізілді.
Мадияр ТӨЛЕУОВ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="67927,67925,67928,67929,67926,67923,67919,67921,67922,67924,67918"]