Мұнайлы ауданы Атамекен ауылы жанындағы "Лаура" дүкенінен "Нұрас" жанар жағармай бекетіне дейінгі 1 шақырым автожол 4 жолақты болып ашылды. Жаңа жолдың сапасын Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов арнайы барып бақылап қайтты, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бұған дейін ХГМЗ қиылысынан "Асар-С" көтерме базары және «Татьяна» дүкеніне дейінгі жол көлік кептелісін азайту үшін кеңейту жоспарланып, 16 тамызда құрылыс жұмыстары басталғанын хабарлағанбыз.
2017 жылы мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, мердігер «Маңғыстау жол-құрылыс материалдары комбинаты» АҚ 1 млрд 721 млн теңгеге жөндеу жүргізуге міндет алды.
«Былтыр 100 млн теңгеге «ХГМЗ» қиылысы жөнделді. 2018 жылы 300 млн теңгеге «Татьяна» дүкені қиылысындағы 450 метр жол жөндеуден кейін ашылған болатын. Енді «Нұрас» жанармай құю бекетіне дейінгі ұзындығы 1,1 шақырым жол 4 жолақты болып кеңейтіліп отыр.
Ақтау қаласы әкімдігінің хабарлауынша, мұндағы жұмыстар толығымен бітпеген.
«Онда бірінші қабат асфальт жабындысы төселген. Келер жылы көктемде қосымша екінші қабаты төселеді», - деп мәлімдеді әкімдіктегілер.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ