Жұмысшы мамандықтарын игеріп жатқан студенттер арасында өткен WorldSkills Kazakhstan IV Ұлттық чемпионатынан маңғыстаулық студенттер 2 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде еншіледі. Командалық есепте үздік бестіктен көрінген қатысушылар мен ұйымдастырушылар бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында сұқбат берді.
Астана қаласында өткен чемпионатқа республиканың әр түкпірінен 350 жас қатысты. Маңғыстау облысының намысын 19 мамандық бойынша 20 колледж студенті қорғап қайтты.
«WorldSkills бұл – үлкен халықаралық қозғалыс. Дүниежүзі бойынша 1946 жылы құрылған. Қазақстан 2014 жылы осы қозғалысқа ресми мүше болып қабылданды. Ел чемпионаты 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Сол жылы Маңғыстау 2 ғана құзыреттілік бойынша қатысты. Биылғы төртінші чемпионатта 19 мамандық бойынша бақ сынады», - дейді техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Жания Сармурзина.
«Кондитер ісі» құзыреттілігі бойынша Қабиева Камила мен «Қонақ үй әкімшілігі» бойынша Санаилова Сервана 1 орын «Алтын медаль», «Кірпіш қалаудан» Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжі студенті Аманжолов Найзабай мен Маңғыстау туризм колледжі студенті Марқабай Әсем «Наубайшы ісі» бойынша күміс, «Инженерлік графика CAD» құзыреттілігі бойынша Бейнеу политехникалық колледжі студенті Жайлауов Сырым мен «Мейрамхана қызметі» құзыреттілігінен Маңғыстау туризм колледжі студенті Перпелюк Андрей қола алды.
Сонымен қатар «Шаштараз өнері», «Дәнекерлеу ісі», «Графикалық дизайн» құзыреттіліктері бойынша үздік қатысушылар медальонға ие болды.
«Бұл жарыс өзі «шеберліктің алтын стандарты» деп аталады. Бұрынғы ереже бойынша үміткер бірнеше рет қатысуға құқылы еді. Биылдан бастап екінші рет қатысу мүмкіндігі шектелді. Жүлдегер атанған жастарымыздың өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуына жол ашылады», - дегенді айтты WorldSkills чемпионаты бойынша техникалық делегаттың ассистенті Қабира Жантекеева.
Сайыста қатысушылар майлау және безендіру, кірпіш қалау, аспаз ісі, кондитер ісі, мейрамханалық қызмет көрсету, наубайшы ісі, қонақ үй шаруашылығы, дәнекерлеу, токарьлық жұмыс, шаштараз, сән өнері, ІТ саласы т.б. мамандықтар бойынша сынға түсті.
«Мен бақ сынаған «қонақ үй шаруашылығы» құзіреті сайысқа биыл бірінші рет қосылып отыр. Алғаш рет қатысып отырғандықтан, әрине жауапкершілік өте жоғары болды. Үш күнге созылған сайыс тартысты өтті. Әр күні әртүрлі тапсырмаларды орындап, жақсы нәтиже көрсетуге барымызды салдық», - дейді алтын жүлде иегері, Маңғыстау туризм колледжінің студенті Сервана Санаилова.
Ал түрлі тағамның жасалу әдісін меңгеріп жүрген Камила Қабиева болашақта мамандығын одан әрі жетілдіруді көздейді.
«Кандитер ісі» бойынша 9 үміткер қатыстық. 4 модульді 3 күнде тапсырдық. Тапсырмаларды берілген 4 сағат ішінде аяқтауымыз керек. Алғашқы күні еуропалық стандартқа сай әдіспен шоколадты кәмпиттер әзірледік. Екінші күні 35-40 грамдық тәтті бәліштер жасадық. Үшінші торттар, соңында түрлі пішіндегі тәттілер дайындадық», - дейді алтын жүлде иегері.
Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжінде құрылыс саласын игеріп жүрген Найзабай Аманжолов та болашағын осы саламен байланыстырады. Ол бұл чемпионатта күміс жүлдені қоржынға салды.
«Кірпіш қалау» мамандығы бойынша қатыстым. Екі модуль берілді: арка жасау және тастан кесіп жазу жазу жүктелді. Оларды орындауға екі күн берілді. Биыл 4-курста оқып жатырмын, оқуымды аяқтаған соң Ақтау қаласындағы құрылыс компанияларында жұмыс істегім келеді», - дейді Найзабай Аманжолов.
Майлау және безендіру қызметі бойынша сынға түскен Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжінің тағы бір 4 курс студенті Заманбек Әлібаевты сайыстан соң Астана қаласында құрылыс мекемесі жұмысқа қабылдаған.
«Жаңаөзен қаласынан екі студентіміз Беларусь елінде өткен WorldSkills сайысына қонақ ретінде қатысып қайтты. Сол арқылы жаттығып, біраз тәжірибе жинады. Сондай-ақ қатысушыларымыздың шыңдалуы үшін бізге «Holiday Inn», «Caspian Riviera», «Ренессанс» қонақ үйлері, «Медиана» ІТ-компаниясы, жеке кәсіпкер Самат Мұсабаев т.б. қолдау көрсетті», - дейді Маңғыстау туризм колледжінің директоры Мирсат Ізмұхамедов.
Қазақстан жыл сайын өткізетін чемпионаттың әлемдік кезеңі екі жыл сайын өтеді. 2017 жылы Абу-Даби қаласында ұйымдастырылса, 2019 жылы Қазан қаласында өтпек. Бұдан бөлек биыл Будапеште Euroskills жарысы болды, енді 2020 жылы Австрияда өтпек.
Ел чемпионатының жеңімпаздары ұлттық құрама сапына енеді. 2019 жылдың ақпан айында облыстық, мамырда Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылады. Одан соң екі жылдың жеңімпаздарына арналған лагерьде құрама мүшелері дайындығын пысықтап, әлемдік жарысқа аттанбақ.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА