Ақтауда №2 жылу электр орталығындағы (ТЭЦ-2) апатта бір адам қайтыс болды. «МАЭК-Қазатомөнеркәсібі» ЖШС хабарлауынша, оқыс оқиға 12 желтоқсан күні газ жабдығын жөндеу кезінде болған. Газ атындысы кезінде жұмыскерлердің бірін күйік шалған. Жұмыскерге сол жерде алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдем шақыртылады.
«Алғашқы диагноз – жоғары тыныс жолдарының күюі. Денесінің жартысын термиялық күйік шалған. Дәрігерлер жігіттің денсаулығы үшін күрескенімен, аман алып қала алмады. Ол 15 желтоқсаннан 16 желтоқсанға қараған түні дүниеден өтті», - деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
32 жастағы жігіттің өліміне әкелген апаттың себебі мен кінәлілерді Маңғыстау облыстық еңбек басқармасы құрған арнайы комиссия анықтайтын болады.
«Бүгін – қаза болған жұмыскердің садақасы. Кәсіпорын тарапынан оның отбасына көмек көрсетіледі», - деп мәлімдеді «МАЭК-Қазатомөнеркәсібі» ЖШС баспасөз қызметі Лада.кз сайтына берген сұхбатында.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН