Маңғыстаудың жедел жәрдемі тағы үш жылжымалы кешенмен толықты. Құны 62 млн 990 мың теңге тұратын үш кешеннің біреуі жансақтау бригадасына, қалған екеуі - желілік бригадаға арналған. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Бағасы 37 млн 995 мың теңге тұратын жансақтау бригадасының жылжымалы кешені Mercedes-Benz Sprinter көлігіне орнатылған. Ол өкпені қолдан тыныс алдыратын аппаратпен, жүрек соғысының жиілігін көрсететін дефибриллятор-монитор, омыртқасы зардап шеккендерді тасымалдайтын зембіл, пневматикалық шина кешен, тонометр, электрокардиограф, глюкоза талдағыш, компрессиялық небулайзер (ингалятор), асқазан шаятын жинақ, акушерлік жинақ, күйікті таңуға арналған жинақ, фельдшерлік аспаптар, жедел жәрдем қобдишасымен, пульсоксиметр, ауа баллонымен жабдықталған.
Ал әрқайсысы 12 млн 497 мың теңге тұратын 2 UAZ көлігі желілік бригаданың жылжымалы кешені ретінде пайдаланылмақ.
Жылжымалы кешендер 27 қарашада ашық сатып алу әдісімен «ARKAU Innovations» ЖШС-нен алынған.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді МО Денсаулық сақтау басқармасы ұсынды