Жуырда Елордамыздың туған күніне орай, «ҚазМедиа» орталығында «Тіл» ақпараттық-сараптамалық журналының ұйымдастыруымен халықаралық «Ұлы дала» дарынды балалар байқауы елімізде алғаш рет өткізілді. Байқауға видео-кастинг арқылы іріктеуден өтіп, аудан намысын қорғап барған С.Жаңғабылов атындағы орта мектептің оқушылары жүлделі орынмен оралды. Ақтық бәсекеге жолдама алған жерлестеріміз республикамыздың түпкір-түпкірінен, қала берді Қытай, Монғолия, Ресей, АҚШ-та тұратын қандастарымызбен әртүрлі номинациялар бойынша сынға түсті. Шет елдегі бауырларымыз арасында ұлттық өнерді дәріптеп, қазақ тілін насихаттайтын байқауда «Патриоттық әндер» номинациясы бойынша Жайна Тарғынова Ш.Сариевтің сөзіне жазылған С.Бәйтерековтың «Қазақ елі» әнін орындап ІІ орынды алса, «Қазақ поззиясы және прозасы» аталымында Е.Есеновтың «Астана» өлеңін нақышына келтіріп оқыған Дария Аяп ІV дәрежелі орынды иемденген жеңімпаздар қала күніне арналған гала концертте марапатталды. Шығармашылық байқауда сынға түскен өнерпаздар Елбасының кітапханасындағы құнды әрі бірегей жәдігерлердің тарихына үңіліп, Мемлекет басшысының балалық шағы жайлы фильмді тамашалап, алған әсерлерімен бөлісті.
Әрбір адам бала кезден өмірде үлкен жетістіктерге жетуді армандайды. Бала қиялына қанат бітіріп, арманының бастапқы кірпіші қаланған Тұщықұдық ауылының жас дарындары байқаудың ұйымдастырушыларына, жетекшісі Қ. Шалабаевқа алғыстарын білдірді.
Г. ШЫҢДЫБАЕВА