Жуырда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ауданымыздың денсаулық сақтау саласына қажырлы еңбегімен салмақты үлес қосқан, бар ғұмырын балтыры сыздап, басы ауырған жандарды емдеуге арнаған марқұм Бекбаев Жылқышыға өзі ұзақ жылдар бойы қызмет еткен Жыңғылды дәрігерлік амбулаториясы қабырғасына ескерткіш тақтасы орнатылды. Ақ халатты абзал жанға арналған ескерткіш тақтасының ашылу рәсіміне тума-туыстарымен қатар, аудан басшылары, достары, қызметтестері, жалпы, алтын қолды дәрігерді танитын игі жақсылар түгел жиналды.
Ол 1939 жылы Таушық ауылына қарасты Орта еспе жерінде қарапайым жанұяда өмірге келеді. 1957 жылы талай сайыпқыран азаматтарымызды түлеткен Шахта орта мектебін тәмамдап, Алматы қаласындағы медицина институтына оқуға түседі. Еңбек жолын Маңғыстау аудандық санэпидстанциясында бас дәрігер болып бастап, 1962 жылы Ростов қаласына барып, емдеу саласы бойынша мамандығын одан әрі жетілдіреді. 1969 жылдан бастап Куйбышев селосындағы учаскелік емханада бас дәрігер қызметін атқарған. Ол бар саналы ғұмырын ауданымыздың денсаулық сақтау саласына арнап, құрметті дәрігер атанды. Бірнеше буын жастарға жол көрсете отырып, біліммен қаруландырды, жауапкершілік жүгі үлкен дәрігер мамандығының қыр-сырына қанықтырды.
Өмірінің соңына дейін сол салада талмай еңбек етіп, артына өшпестей із қалдырған ол адал еңбегінің арқасында «Еңбек Қызыл ту ордені», «Денсулық сақтау ісінің үздігі» секілді атақтарға қол жеткізген. Ендігі кезекте ескерткіш тақтайша оның сол жылдардағы еңбектерінен сыр шерте отырып, өскелең ұрпаққа үлгі - өнеге болары сөзсіз.
Мұратбек КӘДІРБАЕВ