Орталық коммуникациялар қызметі Маңғыстау облыстық филиалы алаңында «КаспийЦемент» ЖШС бас директоры Кшиштоф Буректің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. «КаспийЦемент» зауыты алғаш рет 2013 жылы қарашада іске қосылып, клинкердің сынамалық топтамасын шығарды. Ал 2014 жылы зауытта цемент өндірісі ресми түрде бастау алды.
«КаспийЦемент» зауыты клинкерді өндіру кезінде құрғақ бор пайдаланатын әлемдегі бірегей зауыт. Зауыттың өндіріс өнімділігі жылына 800 мың тонна цементті құрайды. Қазіргі таңда өндіріс орнында 320 жұмыскер еңбек етеді. Еңбек күшінің 60 пайызын Шетпе ауылы тұрғындары, 30 пайызын өңірдің өзге аудандары мен қала тұрғындары құрайды. 10 пайызы ғана шетелдік мамандар мен өзге аймақтан келген еңбеккерлерге тиесілі. Сонымен қатар, жаңа кәсіпорынның іске қосылуы арқасында жаңа жұмыс орындары, зауытқа сервистік және өзге қызметтерді көрсетіп отыратын көптеген мердігерлік ұйымдарда да ашылды. Цемент әлемдік стандарттарға сай әрі қоршаған ортаға барынша аз ықпал тигізетін ең озық және «таза» технология бойынша шығарылады. Кәсіпорын толығымен автоматтандырылған, ең заманауи жабдықтар орнатылған. Зауыт өнімдері ішкі нарыққа бағытталған. Өндірілген өнім Маңғыстау өңірімен қоса Ақтөбе, Атырау және Орал облыстарына, біршама бөлігі Ресейге жөнелтіледі»,-деп атап өтті компания директоры.
«КаспийЦемент» ЖШС ҚР үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өңір экономикасын өркендету жолында нақты жұмыстар атқарумен қатар әлеумет әлеуетін арттыру саласына өзіндік серпін беруде. Жыл сайын компания тарапынан Шетпе селосындағы темір жол үстінен өтетін көпір құрылысына, ауылішілік жолдар мен жол жиектерін күрделі жөндеу жұмыстарына қомақты қаражат бөлінеді. Сонымен қоса, спорт алаңқайларын салуды қолға алып, көпбалалы әрі мүжәлсіз отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетіп келеді. Маңғыстау ауданында орналасқан науқастарға арналған паллиативтік көмек көрсету орталығын (хоспис) салу жобасы мен Ман Ата кесенесін тұрғызу құрылысына қаржылай қолдау танытқан да «КаспийЦемент» ЖШС.
«Құрылысшылар күніне орай облыстық әкімдік қолдауымен компания ұйымдастыруымен ультрамарафон өтеді деп жоспарланған. Тамыз айының 14-жұлдызында бастау алатын спорттық сайыс салауатты өмір салтын насихаттау, халықтың спортқа деген қызығушылығын ояту мақсатын ұстанады. Қатысушылар жазық дала төсін кесіп өтіп, қия құз-шатқалдарды көзбен көріп керемет әсер алады деген сенімдемін. Компания игеріп жатқан кен орындары мен барлау алаңдары марафон бағыт-бағдарынының бір бөлігі. Жүгіру марафоны 10, 25 және 50 шақырым қашықтықты қамтиды. Сонымен қоса веломарафон өткізілмек. Велосипедпен 10 шақырым жол жүріп өтілуі тиіс. Әрине сайыс оңайға соқпайды. Сумен қамту әрі жедел мединицалық көмек көрсету жан-жақты қарастырылған. Қатысушылар алдын-ала сауалнама толтыруы тиіс. Физикалық жүктемені көтере алатындығына сенімді болған жағдайда ғана марафонға қатысуға рұқсат етіледі. Тамыз айында аптап ыстық пен қапырық ауа ағзаға түрлі әсер етуі мүмкін. Әрине, бұны ескерген жөн»,-дейді Кшиштоф Бурек.
Жасы 18-ге толған кез келген азамат марафонға қатысуға мүмкіндік алады. Өзге аймақтардан қызығушылық танытып, байқауға қатысуға тілек білдіргендер де баршылық. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады.
«Былтыр құрылысшылар күніне орай ұйымдастырылған спорттық сайыстар жеңімпаздарына цементтің қомақты көлемін табыстадық. Бас жүлдеге бес тонна цемент берілді. Ақшалай сыйлықтар да болды. Биылғы бағалы сыйлықтар жеңімпаздар көңілінен шығады деген сенімдемін»,-дейді кәсіпорын басшысы.
Ескерте кетейік, марафонға қатысуға ниет танытқандар 11 маусым мен 8 тамыз аралығында www.mangystaumarathon.kz сайты арқылы немесе Ақтау қаласы, 19-шағын аудан, «Ақбөкен» бизнес орталығында тіркеле алады.
Голрох Жеменей Суреттерді түсірген: Т.Құсайын