Бокстан Конфедерация кубогін осымен үшінші рет Маңғыстау облысының командасы жеңіп алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Күні кеше Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерация кубогі үшін бокс турнирінің IX маусымы аяқталды. Финалда өңірлік іріктеулер мен жартылай финалдан сүрінбей өткен Түркістан мен Маңғыстау облысының боксерлері кездесті.
Бірінші жекпе-жекте түркістандық Сәкен Бибосынов Төлеген Асановты 5:0 есебімен жеңді. Одан кейін 2017 жылғы Әлем чемпионы Қайрат Ералиев ақтаулық Нұрбол Қалжановтан басым түсті.
63 келі салмақта шаршы алаңға шыққан жастар арасындағы Азия чемпионы маңғыстаулық Санатәлі Төлтаев ересектер арасындағы Азия чемпионы Бекдәулет Ибрагимовті 5:0 есебімен жеңді.
Маңғыстаудың қоржынына Мәулен Өскенбек, Бекзат Нұрдәулетов пен Айболды Дәуренұлы медаль салса, Түркістан облысының есебін Нұрқанат Райыс пен Бек Нұрмағанбет толықтырды.
Сегіз кездесуден кейін екі облыстың да есебі 4:4 болып теңесіп, 57 салмақ дәрежесінде қосымша жекпе-жек жарияланды. Шешуші кездесуде түркістандық боксшы Нұрғиса Тәжіханнан маңғыстаулық Берік Жедібаев 5:0 есебімен басым түсіп, Маңғыстау облысының командасына Конфедерация кубогін алып берді.
Осылайша, маңғыстаулықтар үшінші рет Конфедерация кубогін алып отыр. Бұған дейін Маңғыстау өңірінің боксшылары 2012 және 2016 жылдары жеңімпаз атанған еді. Марат Жакиев баптайтын маңғыстаулық боксшыларға 25 миллион теңге сыйақы берілді.
Cурет: Данияр Майлыбаев