©
ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті уақытынан кешікпей ұшатын әуе компанияларының рейтингін жасады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
2018 жылдың 10 айында Қазақстанда ұшу тұрақтылығының көрсеткіші 87,9 % болған.
«SCAT» әуе компаниясының ұшу тұрақтылығы 78,9 % тең. Яғни компания жыл басынан бергі 19 759 рейстің 4 157 кідірткен. «Qazaq Air» әуе компаниясының уақытынан кешікпей ұшу көрсеткіші 83,4%, олар 4 537 рейстің 753-ін кешіктірген. «Эйр Астана» әуекомпаниясында бұл көрсеткіш 90 % тең. Олар аталған мерзімде 47 648 рейс жасап, оның 4 755 уақытынан кешігіп келген. «Бек Эйр» әуе компаниясы уақытынан кешікпей ұшу көрсеткіші 97,9 % болды, олар 8 203 тұрақты рейстің тек 167 ғана кідірткен», - деп жазды Комитет өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Ал «Южное небо» әуе тасымалдаушысы 1 414 рейстің 40 ғана кешіктірген. Осылайша бұл компанияда ұшу тұрақтылығының көрсеткіші 97,1 % болды.
Қазақстанда «Жезқазған Эйр» және «Жетісу» әуе компаниялары жыл басынан бері бір ғана рейстен кідірткен. Мәселен, «Жезқазған Эйр» 82 рейс (ұшу тұрақтылығы - 98,7%) жасаса, «Жетісу» әуе компаниясы 90 рейс (ұшу тұрақтылығы – 98,8 %) жасаған.
Комитеттің мәлімдеуінше, рейстерді кідіртуге көбінесе әуе кемесінің уақытынан кеш ұшып келуі, техникалық себептер, ауа райы жағдайы, жолаушылар мен жүк жағдайы, әуежайдағы қызмет көрсету себеп болады екен.
«2017 эылдың 10 айында Қазақстандағы ұшу тұрақтылығының көрсеткіші 87,4 % болды. Дегенмен, отандық әуе компаниялардың тұрақты рейстерінің саны 22 %-ға өскенін айта кету керек», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Азаматтық авиация комитеті рейс екі сағатқа кешіккен жағдайда тасымалдаушының жолаушыларды сусынмен, 4 сағатқа кешіккен жағдайда ыстық тамақпен, 6 сағатқа кешіккен жағдайда жатын орынмен қамтамасыз ету керектігін еске салды. Ал рейстің кідіруі 10 сағатқа созылса, жолаушының таңдауы бойынша, тасымалдаушы басқа рейспен жеткізуге немесе билеттің ақысын толығымен қайтаруға міндетті.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Көрнекі сурет интернеттен алынды