«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке тұлғалармен жасалған жария шартты және заңды тұлғалармен жасалған келісімшартты тоқтатады. Осыған байланысты мекеме өкілдері жағдайды түсіндіру мақсатында брифинг өткізді. Жаңа жылдан кейін энергиямен жабдықтау саласында өзгерістер бола ма, бұл өзгерістердің тұрғындарға, тарифтер бағасына әсері тие ме деген секілді сауалдарға жауап берді. 1 қаңтардан бастап Ақтау қаласын энергиямен жабдықтау қызметі «Альянс энергоснаб» ЖШС-ның міндетіне кіреді. Аталмыш мекемемен «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС келісімшарт жасасқан. Өңірде 1,5 жылдан бері қызмет ететін компания ұсынысты өздері білдірген. «Арнайы тендер өткізілген жоқ. Бұл компания соңғы 1,5 жылда бізде аутсорсинг арқылы жұмыс істейді. Сондай-ақ өзге өңірлерді де энергиямен жабдықтап келеді, бірнеше жылдық тәжірибесі бар. 1 қаңтардан бастап жеке тұлғаларға көрсетілетін қызметті оларға береміз. Жалпы аймақта 6 энергиямен қамту мекемесі бар. Бірақ ұсыныс осы «Альянс энергоснаб» мекемесінен ғана келді. Жаңа жылдан бастап энергиямен қамтумен айналыспайтындықтан, жеке тұлғалармен келісімшартты бұзамыз. Ал өзге тұтынушылармен, энергиямен қамту ұйымдарымен, РЭК, үлкен компаниялармен жалғаса береді», - «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС бас директорының орынбасары Қыдырбай Қасымбеков. [embed]https://youtu.be/VkiPHLPiNR4[/embed] Қаланы түгелдей энергиямен жабдықтау – үлкен жауапкершілік. Мұндай көлемді кез келген мекеме игере алмайды дегенді айтты мамандар. Ал келісімшартқа отырған «Альянс энергоснаб» Маңғыстаудан өзге Түркістан, Жамбыл облыстарымен, Шымкент қаласымен бұрыннан жұмыс істеп келеді. ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Департаменті өкілінің айтуынша, тұтынушы таңдаған мекемесімен келісімшартқа отыруға құқылы. [embed]https://youtu.be/ZaXMW1oHbOY[/embed] «Зерттеу нәтижесінде «Актау энергосбыт», «Маңғыстау жарық», «Альянс энергоснаб», «РКЦ Энергия», «Энергия басқармасы», «Электр жүйелері» атты 6 энергиямен жабдықтау мекемесі анықталды. Тұтынушылардың таңдау еркі өзінде. Яғни бәсекелестік орта болғандықтан, тұтынушылар қай знергиямен жабдықтаушы мекемемен шартқа отыруды өздері таңдай алады», - дейді Қуандық Қосжанов. Қызметкерлер де жұмыссыз қалмайды. Мамандардың айтуынша, РКЦ қызметкерлері де аталмыш мекеме қарамағына ауыспақ. «Тұрғындарға еш қайда барудың қажеті жоқ, келісімшарт тек заңды тұлғалармен ғана қайта жасалады. Бақылаушы, кассир, жалпы барлық қызметкер жаңа жылдан бастап біздің мекемеге ауысады. Олардың барлығымен келісілді», - дейді «Альянс энергоснаб» ЖШС директорының орынбасары Руслан Көшербаев. «Ақтау қаласы бойынша «Альянс энергоснаб» мекемесімен келісімшарт жасалды. Ал облыс бойынша бұл жалғыз компания емес. Жаңаөзенде өзге, Маңғыстау ауданында өзге, мұнда өзге. Бүгінгі күні «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-ның 6 мекемемен келісімшарты бар. Олардың ішінен өз ұсыныстарымен электр энергиясын мол көлемде тұтынушылармен жұмыс істеп жатқандары бар, атап айтсақ, мұнай, құрылыс компнаиялары, сауда орталықтары, бизнес орталықтары. Себебі оларға осы тиімді. Соған сәйкес өздеріне тиімді болғандықтан бір ғана ауданды қамтып отырғандар бар», - дейді БН-350 РҚ директорв Марат Молдағұлов. Айта кетейік, бүгінде қаладағы электр энергиясын тұтыну көрсеткіші маусымға сай өзгеріп отырады. Орта есеппен 50-100 МВт электр энергиясын құрайды. https://www.youtube.com/watch?v=Wd3MriioZ0g «Тұрғындар үшін тариф бағасы жоғарыламайды. Сондай-ақ бұған дейін пайдаланып жүрген касса, терминал бәрі сол күйі қалдырылады. Тұтынушылар ешқандай өзгерісті сезбейді», - дейді Руслан Көшербаев.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="66666,66664,66667"]