Маңғыстау мемлекеттiк тарихи-мәдени қорығы «ХІХ-ХХ ғғ Маңғыстаудағы оқу-ағарту ордалары» атты ғылыми-танымдық кеш өткізді. Мақсат – сол уақыттағы оқу-ағартудың ерекшелігін тану, оқу жүйесін түсіну, өскелең ұрпаққа тарихын насихаттау.
Жастармен кездесуге өлкетанушы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ҚР оқу ағарту ісінің озық қызметкері. Қазіргі таңда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі Отыншы Көшбайұлы, Маңғыстау тарихы, мәдени ескерткіштері, т.б. туралы көптеген зерттеу мақалаларының авторы, өлкетанушы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өңірлік сараптамалық кеңестің төрағасы Алқажан Еділхан, өлкетанушы, «Серікбол Қондыбайұлы мұраларын» зерттеуші, педагог Мұрат Ақмырзаев шақырылып, өткен ғасырдағы білі ордалары, білім алу жүйесі мен белгілі тұлғалар жайлы мәлімет айтты.
ХІХ-XX ғасырдың бас кезінде Қазақстанда халыққа білім беру ісі діни және зайырлы бағытта жүргізілген. XIX ғасырдың орта кезіне дейін қазақ балалары мектептер мен медреселерде мұсылманша білім алды. 3-4 жылға созылатын медреселік оқудан мектеп мұғалімдері даярланып шықты. 1870 жылдан бастап патша үкіметінің бастамасы бойынша медреселерде міндетті түрде орыс тілінің негіздерін үйрету енгізілді.
«Бірнеше жылдан бері Маңғыстауды аралап, тарихи орындарға арналған экспедицияларға қатысып жүрміз. ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында Маңғыстауда жер асты мешіттері мен медреселер, білім ордалары көп болған. Өңіріміз белгілі тұлғаларға кенде болмаған, олар өз білгендерін балаларға үйреткен. 2006-2007 жылдары Иран жеріне барып Оразмағамбет ахун жайлы деректер жинағанмын. Кеңес үкіметі орнаған соң молдалықпен айналысқан адамдарды жаппай қудалау басталды. ХІХ ғасырда Самарқанд, Бұқарадағы оқу орындары тек діни бағытта емес, логика, психология, жер асты байлығын зерттеу, заң жүйесін де оқытқан. Маңғыстаудан Оразмағамбет ахун, Шайхы және Ержан Хазірет барып тәлім алған. Оразмағамбет жер байлығы, геология бойынша, Шайхы заң жүйесін ал Ержан Хазірет дін тұрғысында білім алды. Оразмағамбет Ашхабад түрмесінда оққа ұшты, Шайхы ахун Қарақалпақстан жеріне кетіп сонда өмірінің соңына дейін өмір сүрген. Сондай-ақ Маңғыстауда жер асты мешіттерінің саны біршама. Қазір белгілісі – 19. Олар халыққа білім беретін негізгі ордалар болып есептеледі», - дейді Отыншы Көшбай.
Жоғары білім беретін медреселерде араб тілі, лексика, этимология, синтаксис, риторика, тарих, Құранды оқу-игеру әдісі, дінүйрену, фиқһ яғни ислам құқығы, жаратылыстану ғылымы логика, математика, география, астрономия, медицина, табиғаттанунегіздері, пәлсапа оқытылған.
Кездесуде студенттерге тағылымды әңгімелер айтылып, слайд арқылы Маңғыстаудағы білім ошақтары жайлы мол мағлұмат берілді.
«Бала күнімізден «сенің ата-бабаңның 100-інің екеуі ғана саутты, қалғандары мақрұм болған» деген әңгімені естіп өстік. Бірақ сол 98-інің араб әрпімен мың жылдан бері жазып, зерттеуін жүргізіп, ислам мәдениетін шыңға шығарғанын ешуақытта айта алған жоқ. Мың жылдан астам уақыт ата-бабаларымыз араб әрпімен жазды. Көшпелі халықтың әрбір қоныс тепкен мекенінде бір киіз үй тек бала оқыту үшін тігіліп отырған. Орыс патшасы толық жаулап алуға тырысқанша ең ірі оқу орталығы Хиуа, Бұқарада болды. Ата-бабаларымыздың сауатының мықтылығы сондай, киіз үйдің ішінде жерде тізерлеп отырып, тақтаға жазып оқып, бар ілімді меңгерген. Платон, Арситотель, бүкіл грек ғалымдарының әр кітабына түсініктеме жазған – Фараби аталарың. Сондай-ақ үштілділік деген бізде бұрыннан бар. Түркі тілі – өз тіліміз, парсы тілі – көршіміз, араб – Құранның жазылған тілі. Жастар, сіздер де солайсыздар. Себебі қандарыңызда сол біліктілік жатыр, тек ашу керек», - деді Мұрат Ақмырзаев.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="66619,66618,66616"]