Ертең Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрында «Ханума» қойылымының тұсауы кесіледі. Поп-арт жанрындағы комедиялық спектакль шетел сахналарында кең танымал. Ең алғаш рет 1972 жылы Ресейдің үлкен театрында қойылған.
Поп-арт комедия грузин драматургі А.Цагареллидің талайды мәз-мейрам етіп, күлкіге кенелткен музыкалық комедиясының желісімен сахналанған.
Бүгін спектакльдің алдын ала көрсетілімі болды. Комиссия мүшелеріне ұсынылып, мамандардың оң бағасына ие болды.
Тифлистің ауқатты көпесі ақсүйектермен құдаласуды армандайды. Бар ойы – сол арқылы мәртебесін асыру. Мақсатына жету үшін өрімдей қызын кәрі князьге күйеуге бермек. Князьдің кедейленіп қалғаны да кедергі емес, оның атақ-абыройының биіктігі, дәрежесі маңызды болды. Ал көпестің 18 жасар қызы Сона болса князьдің жас әрі өнерлі бауырына ғашық.
Оқиға кәрі князьді үйлендіруге жанын салып, бас құдалыққа таласқан жеңгетайлар Кабато мен Хануманың арасындағы тартыспен өрбиді. Кабато жеңгетай князь бен жас сұлу Сонаны қоспақ. Ал Ханума тапқан қалыңдықтың жасы қырыққа таяғанымен мал-мүлкі мол.
Кейіпкерлер арасындағы қым-қиғаш қатынастар грузиннің әуезді ән-билерімен өрбіп, оқиға ширатыла түседі.
Соңында әркім өзіне тиесіліні алады.
Қойылымның режиссері – Гүлсина Мерғалиева, суретшісі – Тимур Коуесов, Гүл Зиятова, хореограф – Айгерім Махуова.
Ханума жеңгетайдың рөлін Майра Бақбердиева мен Айым Сұлтанова сомдайды. Ал Кабато образы Эльмира Керімбаева мен Қалима Наушабаеваға тапсырылған.
Князь Вано Пантиашвилиді Медғат Өмірәлиев пен Рамазан Ақтаев ойнайды. Әйгерім Зейнелова мен Ақниет Сейфуллақызы Сона қызды сомдамақ.
Спектакль премьерасы 30 қараша, 5 және 12 желтоқсанда өтеді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="66609,66604,66602,66601,66600,66599,66598,66606,66605,66608,66607"]