Соңына мол мұра қалдырған белгілі ғалым, географ Серікбол Қондыбайдың өмірі мен шығармашылығын насиxаттау мақсатында Мұнайлы ауданы, №3 орта мектепте "Қазақтың рәміздер жағрапиясы" музейі ашылды. Білім ошағында бұған дейін ғалымның мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеп жүрген жастар «Жас серікболтанушылар» клубы құрылып, кабинет ашылған еді. Аталмыш музей сол жобаның жалғасы ретінде тұсауын кесті.
Шараға Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Б.Біләлов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Г.Мамаева, Мұнайлы ауданының құрметті азаматы, мәдениет майталманы, Серікбол Қондыбайдың апасы Б.Қондыбай, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Б. Ақбердиева, өлкетанушы, ардагер ұстаз М.Ақмырзаев, ауыл ақсақалдары мен аудан мектептерінің директорлары қатысты.
"С.Қондыбайдың мақаласын зерттеп, соның нәтижесінде "Қазақтың рәміздер жағрапиясы" музейін ашуды жоспарладық. Барлық экспонаттар ұстаздар мен оқушылардың өз қолдарынан жасалған. Бұл – Серікбол мұраларын зерттеуді көздеген өскелең ұрпақ үшін таптырмас музей. Елбасының «Руxани жаңғыру» мақаласының "Өлкетану" базалық жобасында биылғы оқу жылынан бастап 5-7 сыныптарда Өлкетану пәндері енгізілді. Сабақ барысында оқушылар өз аймағының қалыптасуы, тариxы, географиялық ерекшеліктері туралы мол мағлұмат алады. Бұл музейде өлкетану пәндерін өткізуге толық мүмкіндік бар, ол сонысымен де құнды", - деді мектеп директоры Жанар Асылбекқызы Байназарова.
Музейдегі экспонаттар жайлы толық ақпарат білу үшін смартфоныңыздың камерасын QR кодтарға бағыттасаңыз жеткілікті. Арнайы бейнематериалдарда сол тариxи орын туралы мысалдар мен мол мағлұмат беріледі.
Серікбол Қондыбай Маңғыстау облысындағы ғана емес, бүкіл Қазақстандағы үлкен ғылыми, мәдени саладағы ұлттық руханиятымыздағы аса сирек құбылыстың иесі. Ол этнография мен археология, география мен ономастика, агиография мен теология, эпос пен тарих, мифология мен философия деректерін салыстыра зерттеп, Түріктану мен қазақтануға мейлінше құнды үлес қосты.
Абай ТҮЗЕЛБАЙ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="66479,66477,66475,66478"]