Былтыр Маңғыстауда 205 мың туриске қызмет көрсетілген. Оның 177 178-і еліміздің азаматтары, ал 28 мыңнан астам турист шетелден келген. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында сұқбат берген Маңғыстау облыстық туризм басқармасының басшысы Өркен Бисақаев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Биыл жыл соңына дейін 220 мың турист қабылдаймыз деген жоспар бар. Ал 2020 жылы 400 мың, 2025 жылы 700 мыңнан асады деген ойдамыз. Олардың барлығын қабылдау үшін 7-8мың төсек орынды құрайтын жаңа қонақ үйлер салу қажет. Сондықтан туризмді дамытуға арналған 5 жылдық жоспар жасадық. Ол арқылы 2 бағыттың дамуы қамтылды. Бірінші, Ақтаудан Құрық портына дейін 60 шақырым жағажай туризмі, екінші, экологиялық және этномәдени туризм бойынша Маңғыстау мен Түпқараған аудандарының аумағын алдық», - дейді Өркен Бисақаев.
Қазір өңірде 82 қонақ үй тіркелген, оның 16-сы «3,4,5 жұлдызды». Жалпы сыйымдылығы - 5241 төсек-орын.
Алдағы 5 жылда негізгі екі туристік аймақты дамытуға бағытталған жұмыстар жасалмақ.
Жағажай туризмін дамытуға мұнда барлық инженерлік инфрақұрылымның жақын орналасуы, Ақтаудағы халыққа қызмет көрсету орындары, медициналық мекемелер мен халықаралық әуежай мол септігін тигізбек.
Ал Этномәдени және экологиялық туризм бағытында Маңғыстау және Түпқараған аудандарының таңдалуы табиғи және мәдени көрікті жерлердің көптігі, елді мекендердің тығыз шоғырланғаны мен автомобиль жолдары желісінің жақсы дамығанымен байланысты. Инженерлік, жол және әлеуметтік инфрақұрылымның жақын орналасқандығы да ескерілген.
«Осы аумақтар бойынша «Маңғыстау геопаркі» номинациясын алу үшін ЮНЕСКО-ның штаб-пәтеріне өтінім жолдадық. Жыл бойы ЮНЕСКО-ның сарапшылары мен инспекторлары осы аумақты зерттеп, оның әлеуетіне жоғары баға берді. Қазіргі таңда ЮНЕСКО-ның мамандары басшылығымызға ұсыныстар дайындауда. Ол ұсыныстарды орындаған жағдайда,Жаһандық геопарк мәртебесін алуға мүмкіндік болады», - дейді Өркен Бисақаев.
Еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің үштен бір бөлігі Маңғыстауда орнадасқан. 13 мың ескерткіш бар. Соның жиырмаға жуығы «Геобақ» арқылы отандық және шетелдік саяхаттаушыларға таныстырылмақ. Қонақтар Маңғыстауда ғана кездесетін Сұлтан үпі, Шақпақ ата сынды жерасты мешіттері, шар тәріздес алып тастар, қазба жұмыстары жүріп жатқан ежелгі қала орындарын аралап, тамашалай алады. Қазіргі таңда әлемнің 38 елінде 140 жаһандық геобақ бар.
Сондай-ақ туризмді дамыту мемлекеттік бағдарламасына Шерқала тауы, Айрақты таулары және Бекеттер сайы, «Торыш» тас шарлары, «Сұлтан-Епе» және «Шақпақ-ата» жерасты мешіттері, «Тамшалы» және «саура» шатқалдары, «Жығылған» мүйісіне автомобиль жолдарын салу бойынша жобалар енгізілген.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА