©
Бұл туралы «Қазақстан Теміржолы-Жүк тасымалы» АҚ филиалының «Маңғыстау жүк тасымалы» бөлімшесінің директоры Губашев Нәжімеден Бақтығалиұлы мәлімдеді. «Өңірлік Коммуникациялар Қызметінде» өткен брифингте «Қазақстан-Темір жолы» компаниясының Маңғыстаудағы бөлімі тарапынан атқарылған өзге де жұмыстар жөнінде айтылды.
«Маңғыстау темір жол» бөлімшесі 2007 жылы Ұлттық компанияның Атырау бөлімшесінен өз алдына дербес бөлімше болып ашылған. Директордың айтуынша, бөлімше ашылған 10 жылда жұмыс көлемі де, нәтиже де екі есе артқан. Мәселен, сол кездегі темір жол ұзындығы 814 шақырым болса, бүгінде 1400 шақырымға жеткен.
«Сондай-ақ станса мен бекеттер саны 35-тен 60-қа дейін өсті. Теміржолшылар саны да екі есе артты. Алғашында 2800 теміржолшы болса, қазір 6000-ға жетті. Географиялық тұрғыдан алғанда транзиттік жүктерді көбірек тасимыз. Атап айтсақ, Оазис арқылы Өзбекстанға және Болашақ стансасы арқылы Түркменстан мен Иранға, сонымен қатар Ақтау, Құрық порты, Солтүстік теңіз порты терминалы арқылы жүк тасмыалдауда мол мүмкіндіктерге ие болып отырмыз. Негізгі жүктер - астық дақылдары, құрылыс материалдары, қиыршықталған тас, халық тұтынатын тауарлар, металл өнімдері. 10 айдың қорытындысы бойынша жүк тасымалының көрсеткіші 63478 вагонды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 751,0 мыңға артып отыр», - дейді Нәжімеден Бақтығалиұлы.
Оның айтуынша, астық терминалдары мен Солтүстік терминалдың пайдалануға берілуі теңіз арқылы тасымалданатын жүк көлемін ұлғайтуға септігін тигізіп отыр. Себебі «Ақбидай» және «Солтүстік» бидай терминалдары арқылы 2017 жылдың 10 айында 153 кемеге 632 тонна бидай тиелсе, осы жылдың 10 айының көрсеткіші бойынша 343 кемеге 1 млн 332 мың тонна бидай тиеліп, тасымалдау көлемі 2 есеге ұлғайған.
«Әлеуметтік жағынан маңызды боп саналатын «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы» тас жолының құрылысына Шетпе станциясынан 2017 жылдың 10 айында 9609 вагон қиыршық тас тиелсе, биыл 27156 ашық вагон болды. «Нұрлы жол» және индустриалды инновациялық мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылуы барысында халқаралық маңызы бар ірі жобалар «Бейнеу – Сексеуіл», «Өзен – Болашақ», «Боржақты-Ерсай-Құрық» жаңа темір жол желілері іске қосылды», - деді Нәжімеден Губашев.
Аталған маршрут бойынша контейнерлермен бидай, халық тұтынатын тауарлар, комбайндар, контейнерлік пойыздар, астық дақылдары, мұнай, газойл және т.б жүк тасымалданады.
Транзиттік және ішкі сауда жүктерін тарту мен интеграциялық логистикалық өнімдерді дамыту мақсатында құрылған Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша жүк тасымалы 2017 жылы 2 млн тонна болса, биыл оны 4 млн тоннаға жеткізу жоспарланған.
«Транскаспий халықаралық көлік маршруты» атты жобамыз бар. Ол бойынша Қытайдан шығып жатқан жүктер Еуропаға жеткізіледі. Қытайдың Алтынкөл бекетінен шыққан контейнерлік пойыз осында келіп, Құрық арқылы кемемен Әзірбайжанның «Алят» бекетіне барады. Әрі қарай Грузия арқылы Еуропаға өтеді. Құрық порты салынғалы транзиттік жүктер осы порт арқылы тасымалданады. Сондай-ақ жоба аясында еліміздің солтүстігінде өндірілетін дәнді-дақылдарды контейнерлерге тиеп, паром арқылы Грузия мен Түркияға тасымалдап жатырмыз», - дейді директордың логистика жөніндегі орынбасары Ғалым Айтжанов.
Ал Құрық теңіз порты арқылы 2017 жылы 1 млн 427 мың тонна жүк өткізілсе, биыл 2018 жылдың 10 айы бойынша 1 млн 455 мың тонна жүк тасымалданған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА