Өткеннен сабақ алдық па? Теңгедегі қайғылы оқиғаға - 1 жыл
[ 2018 ] 27 қараша, 07:11 | Жаңалықтар
2017 жылдың қарашасы маңғыстаулықтардың есінде суығымен емес, суық хабарымен есте қалды. Осыдан бір жыл бұрын Теңге ауылындағы теміржол өткелінде «Газель» маршруты мен тепловоз соқтығысқан еді. Бұл қайғылы оқиға 2017 жылдың 25 қарашасында күндізгі сағат 14.20 шамасында болған. Бір жыл - көп емес, бірақ өткенге көз жүгіртіп, қателіктерді қайталамауға алғашқы қадам жасауға жетерлік уақыт. Біз сол күнгі қайғылы жайттан сабақ алдық па? Оқиға қалай өрбіді, зардабы мен салдары қандай, еске түсіріп көрелік.
Болашақ стансанынан Жаңаөзенге бағыт алған тепловозға соғысқанда «Жаңаөзен-Теңге» бағытында қатынайтын № 3 маршруттың ішінде
36 адам болған. Қаза болған жүргізуші өзі толып келе жатқан маршрутқа Жаңаөзеннің шетіндегі колледж аялдамасынан тағы 15 адамды (студенттер де бар)
мінгізіпті. Өзі он бес кісіге арналған кішкентай ғана көліктің ішіне 36 адамның қалай сыйғаны белгісіз? Әлде сабақтан шыққан оқушылар мен студенттер бір аяғым ілінсе болды деді ме екен? Одан кейінгі әрі соңғы аялдама Теңге ауылы екен. Бірақ, өкінішке орай, жүргізуші мен 8 жолаушы соңғы аялдамаға жете алмады.
Апаттан зардап шеккен 27 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілсе,
9 адам қаза тапты. Апат айтып келмейді. Қайтыс болған тоғыздың ішінде 9 жасар бүлдіршін де бар екен.
Тағы бір өкініштісі, зардап шеккендердің бірі, ауыр халде жатқан кішкене бүлдіршін қыздың қос аяғына ампутация жасалды.
Сол күні-ақ Жаңаөзен қаласы әкімдігінде арнайы комиссия құрылып, жұмысқа кіріссе, жексенбі күні таңертең Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Жаңаөзен қаласына
шұғыл жетті. Аймақ басшысы орталық ауруханаға келіп, зардап шеккендердің хал-жағдайымен танысып, көлік апатынан қаза болғандардың үйіне барып, отбасына көңіл айтты.
Іле-шала дүйсенбі күні Ақтау қаласында құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен брифинг өтіп, «Қазақстан темір жолы» мекемесінен
20 миллион теңге қаржы бөлінгені айтылды.
Желтоқсан айының басында жол апатынан зардап шеккендердің он жетісі
ауруханадан шығып, үйлеріне оралды.
Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345 бабы 4 бөліміне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, жан түршігерлік жол апаты кезінде
мас күйде болған теміржол өткелінің кезекшісі қамауға алынды.
Алты айға жуық жүрген тергеу амалдары 2018 жылдың мамыр айында аяқталып, Жаңаөзен қалалық сотында ҚК 344-бабы 3-бөлігімен «Қазақстан темір жолы» Жаңаөзен өткел кезекшісі Есентемір Тауановқа қатысты
ашық сот отырысы басталды.
4 айға созылған сот ісі 2018 жылдың қыркүйек айында аяқталып, Е.Танауов ҚР Қылмыстық Кодексінің 344-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге
бас бостандығынан айырылды. Сотта анықталғандай, оның қанынан этиль спирті табылған. Сол қаралы күні айыпталушы «ҚТЖ ҰК» АҚ Маңғыстау магистральды желісі бөлімшесінің бастығының тапсырмасымен басқа қызметкердің орнына жұмысқа шығыпты. Бірақ жұмысқа шығу жөніндегі жазбаша келісімі болмаған, дәрігерлік сараптамадан да өткізілмеген. Осы салғырттықтың соңы қайғылы оқиға әкелген.
Сондай-ақ «ҚТЖ ҰК» АҚ жәбірленушілер Б.Кенжебекованың пайдасына 500 мың теңге, С.Есболованың пайдасына 3 млн теңге, Р.Жолжігітке 3 млн теңге, С.Жаңабаевқа 3 млн, С.Сейітовке 3 млн, Б.Тоғызбаевқа 3 млн, Т.Қартбаевқа 3 млн 500 мың, А.Әбішовке 4 млн, Г.Еңсегеноваға 7 млн және Б.Достанованың пайдасына 7 млн теңге моральдық шығын өндіруге міндеттелді.
P.S. Осы қаралы оқиғадан кейін маршруттардың қауіпсіздік талаптарына толық сай келмейтіні, көліктердің көпшілігінің тозғаны анықталды. Сол кезде Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов маршруттардың жағдайын жақсартуды тапсырды. Автобазаны жаңғырту мақсатында Жаңаөзенге Алматы облысындағы «Higer Quazar» ЖШС-нен 50 дана электробус алынатын болып, мамыр айында оның алғашқы екеуі сынақ мерзімге әкелінді. Алайда 2 айдан кейін бұл екі электробус кәсіпкерлерге тиімсіздігі үшін шығарушыға қайтарылып, оның орнына 23 адамдық «Хундай Комти» автокөлігіне сұраныс жасалды. Оның алғашқы легі жыл соңына дейін әкелінуі керек еді. Бірақ Жаңаөзен қаласы мен Теңге ауылының арасында бір жыл бұрынғыдай "Газельдер" жолаушы тасымалдап жүр. Біз 9 адамның өмірін жалмаған оқиғадан сабақ алдық па?
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
1502
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.