Бүгін Жаңаөзендегі газ салдарынан жарылған үйге қатысты қатысты құзырлы орын басшылары мен өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті. Оған Жаңаөзен қаласының әкімі, қалалық ауруханының бас дәрігері, облыстық ТЖД, «ҚазТрансГазАймақ» мекемісінің өкілдері мен зардап шегуші жанұяның мүшелері қатысты.
Аяқ асты апаттан аурухана төсегіне таңылған жандар мен олардың отбасына көңілін айтқан «ҚазТрансГазАймақ» АҚ басшысының бірінші орынбасары да комиссия шешімі анықталмай, ешқандай ақпарат айта алмайтынын жеткізді.
https://www.youtube.com/watch?v=SDrZJYrDCtk&t=1s«16 қарашада жергілікті уақытпен 15:45 шамасында «ҚазТрансГазАймақ»-тың апаттық құтқару қызметіне «Ақсу» ш/а, Момышұлы көшесі, 63 үйде жарылыс болғаны жөнінде хабарлама келді. Біздің қызметкерлер дереу оқиға орнына аттанды. Әкімдікпен бірге комиссия құрылып, қазір оқиға жан-жақты анықталып жатыр. Қорытынды шыққан соң нақты себебін хабарлайтын боламыз» - деді Ернұр Ыбыраев.
https://www.youtube.com/watch?v=FwB4kFONlwU&t=1s«Маған керегі – анам мен бауырымның денсаулығы. Шетелден, Қазақстанның түкпір-түкпірінен мамандар шақырсаңыздар да сол екі адамды оятуларыңызды талап етемін. Себебі мына жарылыс біздің кесірімізден болған жоқ. Сол адамдарды өміріме қайтарып берулеріңізді сұраймын. Екіншіден, әлеуметтік желіде бейнежазбаны таратқан өзім. Себебі содан кейін ғана барлығы жан-жақтан хабарласып, халімді сұрады. Оған дейін ешкім сұраған жоқ. Жаңаөзен қалалық ТЖБ басшысы Нұрдәулет Саттықов республикалық телеарнаға «үй иесі ұрлық газды тартып жалғағандығы кесірінен жарылған, кінәлі – үй қожайыны» деген мағынада сұқбат беріпті. Соған дәлел ретінде үй орнын қазғанда газ құбырын көрсетіп түсіріп, желіге салдым. Солай біз өзімізді ақтап алдық. Әйтпесе бізге орынсыз жала жабылып тұрды. Ол жерде ешқандай тексеру жүргізілместен солай ақпарат таратты. Өзіміз қолымызбен жасаған жоқпыз бұл нәрсені. Бізге жанашыр болғандарға рақмет. Енді осыған кінәлілер анықталып, жазаларын алса деймін», - дейді жазатайым оқиға жанына батқан Баян Қалымбетова.
Желтоқсан айында шаңырақ көтергелі отырған ағасының қазіргі жағдайына алаңдаған ол бауыры мен анасының қажетті емі мен оталарын толық қанағаттандырып, өздері таңдаған аумақтан баспана беруін талап ететінін баса айтты. Барлық талабы орындалғанда ғана ешқандай шағымы болмайтынын жетікізді.
Ал қала басшысы ауруханадағы азаматтардың сауығып кетуіне барлық мүмкіндікті қарастырып жатқандығын, жағдай тікелей облыс әкімінің бақылауында екенін жеткізді. Сондай-ақ желі оқырмандары арасындағы «Үй астына құбыр жүргізілу қаншалықты дұрыс?» деген сауалға да жауап берді.
«Әлеуметтік желіде түрлі қате пікірлер жазылып, үйдің астынан газ құбыры жүргізілген деген мәселе туындап жатыр. Ол жерде газ құбыры үй астымен емес, көшемен жүргізілген. Газ құбыры 2005 жылы берілген, ал су құбыры 2012 жылы заң жүзінде орнатылған. Оның жасалуы, жобасы, қауіпті аймағы комиссия жұмысы аяқталған соң белгілі болады. Нақты ақпараттарды жеткізіп отырамыз. Теріс пікірлерді қабылдамауға, өзі қиындықта отырған жанұяға одан әрі ауыртпалық түсірмеуге шақырамын. Оқиға заңды тұлғаның не жеке тұлғаның салдарынан болды ма, оны тек сараптама қорытындысы айтады. Кінәлі тарап жауап беретін болады. Бұған байланысты қазір қылмыстық іс қозғалды. Тиісті органдар айналысып жатыр», - деді Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Құлынтайұлы.
Жиында құзырлы орган өкілдері сараптамадан соң белгілі болатын кінәлі тараптың жауапсыз қалмайтынын жеткізді. Ал МО Полиция департаменті баспасөз қызметі ҚР ҚК 292 бабының 2-бөлімі Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА