Жаңаөзен қаласында табиғи газ жайылып, жеке тұрғын үй жарылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қазақстан Республикасы ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап.
«16 қараша күні сағат 16:15-те Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы Рахат-2 шағынауданындағы жеке тұрғын үйде болған жарылыс туралы хабарланды. Оқиға орнына Маңғыстау облысы ТЖД жеке құрамынан 20 адам және 3 техникасы жұмылдырылды. Алғашқы өрт сөндірушілер тобы 16:30-да жетті», - делінген ресми хабарламада.
Төтенше жағдай комитетінің хабарлауынша, табиғи газдың жайылуынан газ-ауа қоспасы жарылып, нәтижесінде аумағы 204 шаршы метр үй қираған. Өрт сөндірушілер үйінді астынан екі адамды құтқарды.
https://youtu.be/1mmYfu00_6c"Жарылыс салдарынан үш адам зардап шекті. Зардап шеккендердің барлығы да Жаңаөзен қалалық орталық ауруханасына түрлі дәрежедегі жарақатпен жеткізілді. Зардап шеккендердің екеуі - 1962 жылы туған әйел адам мен 1989 жылы туға ер адам жан сақтау бөлімінде жатыр. Әйел адамды 2-ші және 3-дәрежелі күйік шалған, дене мүшелері сынған, жарақаттанған. Ал ер адамның басын, қолдары мен ішін күйік шалған, ауыр дәрежедегі күйік", - деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ауруханаға жеткізілген үшінші адам 1999 жылы туған ер адам, қазір травматология бөлімінде ем қабылдауда. Оның жағдайы қалыпты.
Қираған үйінділерді тексеру үшін апаттық-құтқару қызметі және зардап шеккендердің туыстары мен көршілерінен құралған ерікті топ жұмылдырылған.
Қазіргі уақытта оқиға орнын Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы қоршауға алды. Жарылыс орынында арнайы техника жұмыс істеуде. Оқиғаның себебі мен зардап көлемі анықталып жатыр.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Сурет пен видеолар куәгерлерден келді
https://youtu.be/NQN21y5jcoU