©
Лондон және Рио де-Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов бокстағы мансабын тәмамдады. Бұл туралы боксшы «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«2018 жылмен менің бокстағы кәсіби жолым тәмәм деуге болады. Спортта жетістікке жетумен бірге денсаулық та сыр берді. Үздіксіз жаттығулар салдарынан белімде «грыжа» пайда болған. Бұл Рио Олимпиадасының кезінде қатты қинады. Соған қарамастан жаттығу жасай бердік. Үй іші 2012 жылы боксты қойсаңшы деген. Бірақ мен жаттығудың адамымын. Бірден тоқтағым келмеді. Биыл көктемде бокс федерациясы тарапынан бөлінген қаржымен Оңтүстік Кореяға ем-дом алуға барып келдім. Ол жақтағы мамандар белімнің қазіргі ахуалымен спортта жүре беруге болмайтының қатаң ескертті. Бапкеріммен ақылдаса келе, былғары қолғапты шегеге ілуге тура келді», - деді ол өз сұхбатында.
Боксшы алдағы уақытта Маңғыстау өңірінде шағын футболды дамыту бойынша жұмыстар атқармақ ниетті.
Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айында сайтымызға берген сұхбатында кәсіпқой боксқа ауысатын ойының жоқ екендігін, Токио олимпиадасынан кейін бокстан бір жола кететінін айтқан еді.
Айта кетелік, Әділбек Ниязымбетов 1989 жылы 19 мамырда дүниеге келген. Әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері (2011, 2013 жылдар), Олимпиада ойындарының екі мәрте күміс жүлдегері (2012, 2016 жылдар), Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2013 жыл), Азиада ойындарының жеңімпазы (2014 жыл), Азия чемпионы (2015 жыл). ҚР Құрметті спорт шебері, Халықаралық санаттағы спорт шебері атақтарының иегері.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН