Біріккен Араб Әмірліктерінде жасөспірімдер арасында барлық өнер түрі бойынша «Jumeirah Sound» ІІ халықаралық фестиваль байқауы өтті.
Дубай қаласында өткен байқауға ТМД елдерінен дарынды балалар жиналды.
Шараның мақсаты – өнерпаздардың жеке тұлғаның шығармашылық дамуы, талантты орындаушыларды анықтау және қолдау.
Фестиваль «Chamber Academy of music» Академиясының қолдауымен өткізілген. Айта кету керек, академия Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының серіктестігі.
2 қараша күні Түпқараған ауданынан (Форт-Шевченко, Ақшұқыр, Сайын ауылдарынан) сайысқа қатысушылар Әмірліктерге аттанған. Олардың қатарында 8 өнерпаз, 3 жетекші бар. Маңғыстаулық қатысушылар байқаудағы барлық жүлде түрін қанжығалады.
«Сазсырнай» аталымы бойынша Форт-Шевченко қаласы Мұрын Сеңгірбекұлы атындағы өнер мектебінің оқушысы Озғанбаева Қарлығаш Болатбекқызы 1 орын алды. Жетекшісі – Әсел Нұрсұлтанова.
«Бейнелеу өнері» аталымы бойынша «Серпін» аула клубы үйірмесінен Тілекбаева Жайна 1 орын, Жетекшісі – Закира Базарбекова.
Домбырадан ұжымдық аспаптық орындау бойынша «Ақжелкен» ансамблі Гран-При иеленді. Жетекшілері: Сисенбаева Алмагүл, Есмұханбетова Күләш.
Домбырадан жеке орындау бойынша жас маман Сүндетқалиев Жасұлан Гран-При, Червонов Темірлан 1 орынды жеңіп алды. Жетекшісі – Сисенбаева Алмагүл. Ал Әлқуатова Мәдина, Молдағали Бекайдар, Құлжан Сабина, Қасымқызы Райхан 2 орын еншіледі.
Ел абыройын асқақтатқан өнерпаздарымызды жүлделерімен құттықтаймыз. Айта кетейік, байқауға Петропавл, Қызылорда, Астана қалалырынан да өнерпаздар қатысты. Олар елге 9 қараша күні оралатын болады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті ұсынған Гүлбаршын Избаева