©
“Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы” заңға енген өзгерістер 1 қарашадан бастап күшіне енді деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты baribar.kz сілтеме жасап.
12 қыркүйекте Эталон орталығында Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Арман Шаққалиевтің, Мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековтің және “ҚазИнСт” РМК басшылығының қатысуымен Ғылыми-техникалық комиссияның отырысы өтіп, соның нәтижесінде Қазақстан Республикасы 989-2014 “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық шарттар” стандартына №1 өзгеріс енгізу туралы шешім қабылданған еді.
Осылайша ұлттық стандартқа “Қазақстан” сөзін латын графикасымен QAZAQSTAN деп жазу және жаңа түс диапазонын қолдану туралы өзгеріс енгізілді.
Рәмізге өзгеріс қазақ тілінің латын графикасына көшуіне байланысты енгізіліп отыр. Бұл – Елтаңба қолданысқа енгізілгелі бері жасалған елеулі өзгеріс. Мемлекеттік Елтаңбаға 2017 жылы аздаған техникалық түзетулер жасалғаны белгілі. Бұрын Пантон түс моделі қолданылған болса, кейін Lab халықаралық түс гаммасы бойынша Елтаңба түсі жарқындана түсті.
Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасы 1992 жылы қабылданды. Авторы – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шота-Аман Уәлиханов. “Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы” конституциялық заң 1996 жылдың 24 қаңтарында қабылданды. 2014 жылдың мамырында ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының негізгі техникалық шарттарын белгілейтін жаңа стандарт қолданысқа енді.