Ақтау қаласы әкімдігі хаттамалық бұйрық негізінде «АУЕС», «Маэк-Қазатомөндіріс» мекемелерімен бірге жыл басынан бері қаладағы 300 көпқабатты үйдегі электр желілеріне тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде заңсыз электр желілеріне қосылған нысандар анықталды. Бұл туралы Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының м.а. Гүлжан Өмірзақова мәлімдеді.
- Тұрғындар жалпы үй қажеттіліктерінің артық есептелуі жөнінде наразылықтарын білдірді. Осыған байланысты тексеріс жүргізіліп, 287 үйдегі заңбұзушылық жойылды. Қала бойынша 23 шағынауданда құқықбұзушылықтың алдын алып, есептеу құрылғылары мөрмен бекітілді, - деді Гүлжан Өмірзақова.
Сондай-ақ 12 шағынаудандағы үйлердің бірінде орналасқан коммерциялық нысан тексерістен соң тұрғын үй қорынан шығарылған. Оған қарыз сомасы жазылып, тұрғындарға қайта есептеу жасалынған.
Тұрғын үй қорынан үй-жайларды алып тастаған кезде заңды тұлғалар үй құрылысы желілерінен шығарылады. Трансформаторлық қосалқы станцияға қосылу үшін техникалық шарттар қойылады. Бүгінде үйлерде орналасқан 57 тұрғын-жай болып саналмайтын заңды тұлғаға техникалық шарттар берілген.
Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Жанкелді Әубәкіров жыл басында жедел штаб тобы құрылғанын және барлық тұрғын үйлерді тексеруден өткізетіндігін жеткізді. Айта кетейік, қалада 981 көпқабатты үй бар.
- Біздің бөлім тұрғын үй қорларына бақылау жүргізеді. 9 ай ішінде қалада 5 басқарушы компанияға тексеріс өткіздік. Олар: «Шанс» ПИК, «Каспиан Сервис групп» ЖШС, «Собственник» ПИК, «Ырыс» ПИК, «МСG-Projects» ЖШС. Тексеріс барысында бірнеше заңбұзушылық анықталды. Бүгінгі таңда «Каспиан Сервис групп» ЖШС жұмысы тоқтатылды. «МСG-Projects» ЖШС жұмысын тоқтату процестері жатыр. Ал қалғандарындағы заңбұзушылықтар жойылды, - дегенді айтты Гүлжан Бексатқызы.
2019 жылдан бастап тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық заңнамасына бірқатар өзгеріс енбек. Елбасы Жолдауына орай, қаланың коммуналдық қызметімен меморандум дайындалып жатқанын айтты мамандар.
- Қазір 2019 жылы күшіне енетін заң жобасы қаралып жатыр, біз сол бойынша жұмыс істейтін боламыз. ЖИК (жеке үй кооперативі) төрағалығына кандидаттар бізбен, яғни, атқарушы органмен келісіліп, тағайындалуы шарт. Компания басшыларының қызметі туралы бізге шағым жиі түседі. Сондықтан кезектен тыс жиналыс өткізіп, басқарушы компанияға сенім арту мәселесін талқылаймыз, - дейді Жанкелді Әубәкіров.
Сондай-ақ Ақтау қаласы әкімі Ғалымжан Ниязовтың тапсырмасымен инженерлік желіге заңсыз қосылғандарды анықтау мақсатында көлік жуу, коммерциялық ғимараттар құрылысы, құбыр желілері тексерілген. Нәтижесінде құжатсыз, келісімшартсыз жұмыс істеген нысандар анықталған.
Атап айтсақ, 17 ш/а орналасқан «Eco Wash» көлік жуу орталығының ауыз су құбырына заңсыз қосылғаны белгілі болды. 29 ш/а 33 үйдің жертөлесі де рұқсатсыз жылылытып келген. Дәл осы шағынауданда құрылысы жүріп жатқан үйге де ауыз су құжатсыз жеткен. Каспий жылу, су арнасы тарапынан құбырлардың диаметрі бойынша шамамен 2 миллион теңгені қалпына келтіру үшін сот органдарына талап арыз берілді.
Тексеріс соңында анықталған заңсыздықтардың алдын алып, қысқа мерзімде жою тапсырылды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА