©
Ақтауда мемлекеттік кірістер басқармасы мен Ақтау қалалық әкімдік қызметкерлері бірігіп қаладағы кафелерге мониторинг жүргізді. Салық қызметкерлері демалыс орындарының бақылау-кассалық құрылғыларын тексерді. Тексеріс барысында бақылау-кассалық құрылғысы жоқ, бірақ жұмыс жасап жүрген орындар белгілі болды. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына Ақтау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кетсек, 4 шағынауданда орналасқан «Тяга» кафесі мен 7 "А" шағынаудан, теңіз жағалауында жұмыс жасап тұрған «Сhina Town Napoli» демалыс орындары кірісін жасырып келгендігі анықталды. ҚР Салық кодексінің 284 бабының 1 тармағымен аталған заң бұзушылық бойынша бұл мекемелерге хаттама толтырылды. Егер бұл орындар бір жыл iшiнде тағы да ескертпе алатын болса, 15 АЕК бойынша айыппұл салынады.
Сонымен қатар рейд барысында 28 шағынаудан, 76 ғимаратта кәсібін өрбітіп отырған «Три самурая» суши орталығының кассалық құрылғысы бар, бірақ бұл орталықтың мекенжайы басқа жақта тіркелгендігі анықталды. Мемлекеттік кірістер басқарма өкілдері аталған заң бұзушылық бойынша кәсіпкерден түсініктеме алып, хаттама толтырды.
Енді мұндай тексеру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады. Біз өз тарапымыздан бұл шарада салық қызметкерлері қаладағы атышулы кафелер мен тұрғындар ағылып баратын тон сататын дүкендерге де тексеріс жүргізеді деген ойдамыз.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суреттерді Ақтау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="64795,64796,64797,64794"]