©
Бұл жөнінде МО ТЖД басшысының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Мұрат Мұханов мәлімдеді. Оның айтуынша, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға (216) артқан.
Өрт салдарынан 7 адам жарақат алып, 6 адам қаза тапқан. Ақтау қаласында – 2, Мұнайлыда – 1, Маңғыстау ауданында – 3 адам.
Инспекторлармен өрт қауіпсіздігіне 9 айда 1210 нысанға тексеру жүргізілген. Нәтижесінде құқық бұзған 675 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 539-ына ескерту беріліп, 136-сына 5 млн 338 мың көлемінде айыппұл салынған.
-Тілсіз жау нәтижесінде келген материалдық шығын 25 млн 551 мың теңгені құрады. Жыл басынан бері 1 адам табиғи газдан улану салдарынан көз жұмды. Тұрғын үйлерде – 88, автомобиль жолдарында – 87 өрт оқиғасы тіркелді. Сондай-ақ биыл былтырмен салыстырғанда тұрғын үйлердегі өрт азайғанымен, автокөліктердегі өрт оқиғалары артқан, - дейді Мұрат Мұханов.
Автожолдағы өрттерге көбіне электр желілерінің қысқа тұйықталуы себеп болған.Өрт жағдайының көбеюі нәтижесінде мамандар тарапынан тұрғындарға түсіндіру жұмыстары күшейтілген.
-Маңғыстаудағы жалпы автомобиль жолының ұзындығы 2586 шақырым. Оның 1049 шақырымы – республикалық, 1544 шақырым – жергілікті маңызға ие. Қазіргі таңда облыстық маңызы бар жолда 4 мердігер жұмыс жүргізіп жатыр. Олардың барлық техника саны – 72. Республикалық маңыздағы жолдың жұмысы «КазАвтоЖол» мекемесіне тиесілі. Онда 27 бірлік техникасы бар. Автокөлік жолдары бойынша 20 жылыту пункттері орналасқан. Оның 13-республикалық, 7 – облыстық маңыздағы жолда, - дейді төтенше жағдайларды ескерту және алдын алу бөлімінің бас маманы Қайрат Бесимбаев.
Сондай-ақ МО ТЖД Өрт сөндіру және құтқару жұмыстары бөлімінің басшысы Ертай Жұмабековтің айтуынша, төтенше жағдайлар туындаған кезде шұғыл әрекет ету үшін гарнизонда 3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі мен 9 өрт сөндіру бөлімі қызмет етеді. 92 бірлік өрт сөндіру автокөлігі бар. Техниканың барлығы қысқы мерзімге дайын екен.
Ал төтеншеліктер Жаңаөзен қаласында газдан уланған балаларға қатысты сараптама жүргізіліп жатқанын жеткізді.
-Бірі – 2006 жылы туған Темірбек Ахмет, екіншісі - 2012 жылы туған Қанат Мұстафа есімді балалар. Бұл екеуі де үйде суға түскен. Оқиғаға қатысты Жаңаөзен қалалық ІІБ тергеп-тексеру жүргізуде, сараптама тағайындалды. Толық ақпарды сараптама аяқталған соң ресми хабарлаймыз, әлі белгілі емес, - дегенді айтты басшының орынбасары.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА