Маңғыстауда "Нұр Капитал" жобасы қалай іске асып жатыр?
[ 2018 ] 25 қазан, 13:13 | Жаңалықтар
«Нұр капитал» - Қазақстанда аналогы жоқ бірегей жоба
Маңғыстауда 2017 жылдың қараша айында «Нұр Капитал» жобасының таныстырылымы өткен болатын. «Нұр капитал» жобасы - кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге, еңбек нарығын жаңғыртуға бағытталған бірегей бағдарлама. Бағдарлама «Даму» қорының және Маңғыстау облысы әкімдігінің келісімшарты аясында қаржыландырылады.
"Нұр Капитал" үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 1,8 млрд теңге, ал Маңғыстау облыстық әкімдігінен 900 млн теңге бөлінген. Осылайша, Маңғыстау облысының «Нұр Капитал» өңірлік бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаражаттың жалпы қоры 2,7 млрд теңгені құрайды. "Нұр Капитал" бағдарламасы Маңғыстау облысында тіркелген және іске асырылатын жобаларды қаржыландырады.
Несие инвестициялық жобаны іске асыру және жоба сомасының 30%-н айналым қаражатын толықтыру үшін беріледі. Кәсіпкер 30 млн-ға дейін қаражат ала алады. Несиелеу инвестициялар үшін 7 жылға, айналым капиталын толықтыру үшін 36 айға беріледі. Несиенің жылдық сыйақысы 8,5% болғанымен, оның 7,5%-ы субсидияланып, ең соңында
1%-дық несие алады.
Несие бес жылға дейін субсидияланады. Кәсіпкерлер несиені екінші деңгейлі банктерден ала алады.
Сондай-ақ кәсіпкерге кепілдігі жоқ болса немесе жеткіліксіз болған жағдайда, «Даму» қоры несие сомасының 85%-на дейін кепілдік береді.
Мұнайлыда алғашқылардың бірі болып несиені «Мұхамбет» медицина орталығы алған
Маңғыстау облысында бүгінгі күні «Нұр капитал» бағдарламасына қатысу үшін 162 жоба келіп түскен. Мұнайлы ауданынан 34 жоба әкімдіктен мақұлданып, құжаттары екінші деңгейлі банктерге қарастыру үшін жіберілген. Айта кетейік, жобалардың көпшілігі ауылшаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіпке арналған.
"
Мұхамбет" медицина орталығының бас дәрігері Ұлжан Сәрсенованың айтуынша «Мұхамбет» медицина орталығы 2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылды. Ол 2017 жылдың қазан айында Мұнайлы ауданының он жылдығы қарсаңында пайдалануға берілді.
«Жалпы медицина орталығы 2018 жылдың қаңтар айынан бастап халыққа қызмет көрсетіп келеді. 2017 жылдың қазан-қараша айында орталыққа тұрғындарды тіркеу кезінде 10500 тұрғын тіркелген болатын. Ал бүгінде ондағы халық саны 14 мыңнан асады. "Нұр Капитал" жобасының аясында "Даму" қорынан 30 млн теңге несиені 5 жылға 1 пайыздық өсіммен алдық. Оған ЛОР комбайн, офтольмологиялық құрылғы, флюрография, ЭКГ, УДЗ (іш қуысы ағзалары, сыртқы лимф жүйелері мен бездер, жүрек, жүкті әйелдерді скринингтік тексеру), көздің қырағылығын анықтау мен көз қысымын өлшеу, аудиограмма, спирометрия сынды медициналық құрылғылар бар. Жалпы құны 30 млн тұратын ЛОР комбайн, УДЗ, офтольмологиялық құрылғы «Нұр Капитал» бағдарламасы аясында сатып алынды», - деді ол.
Дәрігердің айтуынша медициналық мекеме жекеменшік болғанымен, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша қызмет көрсетеді.
«Сапалы медициналық қызмет көрсету үшін медицина орталығы 6 жалпы тәжірибелі дәрігер, педиатр, гинеколог, невропатолог, кардиолог, оториноларинголог, окулист, уролог, дерматолог, эндокринолог, фтизиатр, психиатр, нарколог, аллерголог мамандарымен қамтылған», - деді дәрігер Ұлжан Сәрсенова.
"Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасында көрсетілгендей медициналық көмек көрсету орталығының басты мақсаты - аурудың алдын алып, тұрғындарды сапалы скринигтен өткізеді.
"Нұр Капитал" аясында несие алғандардың бірі Сайын Шапағатов ауылындағы
"Asiamilk" сүт зауыты. Олар несиеге сауын орындарынан сүт зауытына шикізатты таситын Hyundai маркалы 2 рефрижератор алынды.
Маңғыстауда «Нұр Капитал» бойынша неше жоба мақұлданды?
«Нұр капитал» жобасы республика бойынша тек қана Маңғыстау өңірінде жүзеге асырылып, жаңаөзендіктер облыс бойынша едәуір қаражатқа ие болған. Нақты айтар болсақ, облыстық үйлестіру кеңесінің шешімі негізінде 686 млн 800 мың теңгеге 31 кәсіпкерлік жоба ұсынылған.
Айта кетейік, «Нұр капитал» бағдарламасы аясында Маңғыстау облысы бойынша 162 жоба келіп түсті. Мәселен, Жаңаөзен қаласынан 31, Бейнеу ауданынан 29, Мұнайлы ауданынан 34, Түпқараған ауданынан 22, Маңғыстау ауданынан 22, Қарақиядан 24 өтінім түскен.
Жоба бойынша несие алғандар тігін шеберханасы, балабақша, жылыжай, шаштараз, жиһаз цехы, көлік жөндеу орталығы, медицина орталығы, көкөніс сақтайтын құрылыс алаңы, жолаушылар тасымалын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
«Нұр Капитал» бағдарламасы бойынша бүгінгі таңда 13 кәсіпкердің өтінімі мақұлданды. Атап өтсек, Мұнайлы ауданынан 5, Түпқарағаннан 1, Жаңаөзеннен 4, Бейнеуден 1, Қарақиядан 1, Маңғыстау ауданы Шетпе ауылынан 1 өтінім мақұлданған. Әзірге 13 кәсіпкердің 6-уы қаржыландырылған.
"Нұр Капитал" бойынша қалай несие алуға болады?
Алдымен, кәсіпкер екінші деңгейлі банкке қаржыландыру туралы өтінішпен жүгінеді. Екінші деңгейлі банк жобаны қарастырады және оң шешім кезінде несие береді.
Банк мақұлдағаннан соң кәсіпкер бағдарлама үйлестірушісіне жүгінеді.
Одан соң бағдарлама үйлестірушісі жобаны Өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына жібереді. Өңірлік үйлестіру кеңесі кәсіпкердің несие алудың жан-жағын қарастырады. Яғни, қаржыны не үшін алатынын зерттейді. Содан соң субсидиялау мүмкіндігі туралы шешім қабылдайды.
Үйлестіруші Өңірлік үйлестіру кеңесінің хаттамасын екінші деңгейлі банк пен «Даму» қорына жолдайды. Осылайша, банк, кәсіпкер және «Даму» қоры субсидиялау келісімін жасайды.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Басты сурет сайттың архивінен
1545
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.