Ақтауда 5 шағынаудан 8 үйдің жанына қоқысты бөлек-бөлек сұрыптап, жинайтын контейнер онрнатылды. Жәшікке қағазды, пластикті және тұрмыстық қатты қалдықтарды салатын бөліктері бар. Сонымен қатар баланың бойы жететіндей, ыңғайлы қоқыс салатыны да бар. Түрлі-түсті контейнерді «Caspiy operating» ЖШС орнатқан.
«Жәшікті Caspiy operating қаржысына жасадық. Контейнердің бір ерекшелігі онда қоқыс толғанын хабарлайтын дыбысты тетік пен өртсөндіру жүйесі орнатылған. 15 қарашада түрлі-түсті контейнерлердің таныстырылымы өтетін болады. Оған дейін бұл контейнер қалай жұмыс жасайтынын бақылаймыз. Одан жақсы нәтиже болса, өзге шағынаудандарға контейнерді орнататын боламыз. Біз сондай-ақ Баянды ауылында да қоқысты бөлек сұрыптап салатын контейнер орнатуға келісімшартқа отырдық. Алдағы уақытта таныстырылымы өтетін болады», - деді «Caspiy operating» ЖШС директорының орынбасары Әділет Пірімқұлов.
Қалада көп галерейлі үй бар. Тұрғындар қоқысты әрбір қабаттағы қоқыс салғышқа тастайды. Caspiy operating-тен бұл үйлердің қоқысты бөлек сұрыптап салу мәселесін қалай шешуге болады деп сұрағанымызда:
«Ол галереялы үйлерде қоқыс салғыштарды кондоминимум шешу керек. Егер рұқсат берсе, ол контейнерлерді басқа жерге алып тастап, қоқыс салғышты жапсақ жақсы болар еді. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы ол мәселені тұрғындармен бірге шешу керек», - деді Әділет Пірімқұлов.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суретті «Caspiy operating» ЖШС ұсынды