©
Маңғыстауда университеттерді қоспағанда 27 техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдары бар. Онда білім алатын студенттің саны - 21244. Бүгінде оларға 1600 орындық жатақхана қажет. Ал Ш.Есенов университетінің студенттеріне жатақхана салу қажеттілігі - 1000 орын. Бұл туралы бүгін Маңғыстау облыстық әкімдігінің үлкен залында «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың тұрмысын жақсарту атты» Үшінші әлеуметтік бастаманы іске асыру аясында өткен семинар-кеңесте айтылды.
"Маңғыстау облысында Техникалық-кәсіптік білім беру бөлімдеріне қарасты 3 жатақхана бар. Атап өтсек, Маңғыстау политехникалық колледжінің жанында орналасқан жатақхана 200 орынға арналса, Қарақия кәсіптік колледжінде 200 орындық жатақхана, Жаңаөзен қаласындағы Маңғыстау облыстық медициналық колледжінің оқу ғимаратының 5-ші қабатында 40 орынға арналған жатақхана бар. Енді Ақтау қаласына 1500 орындық жатақхана салыну жоспарланған болса, қалған 100-і Жаңаөзен қаласына салу жоспарланып отыр", - деді Асхат Төлеуов Маңғыстау облыстық білім басқармасының техникалық-кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы.
Айта кетейік, бұған дейін сайтымызда Маңғыстауда 2600 студентке жатақхана салу қажеттілігі айтылған болатын.
Жиында Маңғыстау облысы студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Атап өтерлігі, студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханадағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыс аясында орналастыру, студенттік жатақханалардың Мемлекеттік жеке меншік әріптестік бойынша құрылысын жүргізу, жатақханаларды қайта жаңарту, модернизациялау және іске қосу тетіктері, МЖӘ механизмі бойынша орта мектептерде оқушы санына қарай қаржыландыру ретіне қатысты мәселелер қаралды.
«Семинар-кеңестің бүгінгі мақсаты – президенттің 5 әлеуметтік бастамасының үшінші бастамасы студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Біздің негізгі мақсатымыз бұрынғы ескі жатақханаларды – студенттер үйіне айналдырып, яғни студенттік үйлер салу. 2022 жылға дейін уақыт аз болғандықтан, дайын ғимараттарды пайдалану мәселесін айтып жатырмыз. Қазір ғимарат өте көп. Мемлекеттік мүлікте де бизнестік қолданыста да, көп ғимарат пайдаланусыз болып тұр. Осыларды пайдаланып, жатақханалар ашуға болады. Өйткені қазір ол тиімді және мемлекетік тапсырыс үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Егер жаңа құрылыс болса оған 122 АЕК, егер жаңғырту және қайта құру болса 47 АЕК төленеді. Әр студенттің басына 8 жыл бойы төленеді. Яғни жылына бір рет төлейді», - деді Қазақстандық мемлекет пен жекеменшік әріптестік орталығы басқарма төрағасының орынбасары Талғат Матаев.
Талғат Матаевтың айтуынша, оның бір шарты 20 жыл жатақхана болып қалуы қажет, өзгермеу керек. Ол студенттер үйі болғандықтан, студенттерге барлық жағдай жасалынуы тиіс. Өзінің тұратын бөлмесінен басқа, интернет-кафе, тұрмыстық жағдай жасайтын кір жуу орны, кафе-асхана, спорт зал, кітапхана секцияларын ашуға болады. Студент жастарға қажетті дүниелер ашылса, ақылы қызмет арқылы кәсіпкер өзінің пайдасын көре алады.
Сонымен қатар мемлекеттік тапсырыспен қоса, мемлекет жеке меншік әріптестік арқылы қосымша мемлекеттік қолдау алуға болады. Егер осындай шарт жасалса, кәсіпкерге өте тиімді болатынын айтты.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="64315,64316"]