©
Ақтау қалалық әкімдігінің бұл әрекетіне көгалдандыру бойынша қоғамдық ұйымның өз міндетін дұрыс орындамауы негіз болған. Бұл жөнінде қалалық әкімдікте өткен брифингте мәлім болды.
Биыл қаланы көгалдандыру жұмыстарына 777 млн теңге бөлінген болатын. Мердігер мекеме – «Зағиптар қоғамы» қоғамдық ұйымы. Маусым бойына суару, жасыл-желек отырғызуға қатысты арыз-шағымнан көз ашпаған көгалдандыру жұмыстарында тағы да мәселе туындады.
- Актіде аяқталды деп көрсетілген жұмыстардың кейбірін олар атқармағаны белгілі болды. Оған 15-20 млн теңге қаржы қарастырылған. Суық маусымдардағы өсімдіктердің күтімі, оларды жылы күйде ұстау сынды қызметтерді, яғни, қараша айында атқарылуы тиіс процесті қыркүйек айына қосқан. Қыс әлі түскен жоқ бірақ олар қаржыны алғысы келді. Біз қазір мердігермен компромистік шешімге келдік. Біз олардың орындамаған жұмыстарын актіден шығарып, тек атқарған қызметтеріне ғана төледік. Тұрғындардың арыз-шағымдарын ескере отырып, бұл мәселелерді сот арқылы шешуді ұйғардық. Енді біз олармен сот арқылы сөйлесетін боламыз, - дейді Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев.
Сондай-ақ биыл қаладағы 98 мыңнан астам көшеттің санақ нәтижесінде 94 мыңға азайғаны анықталған.
Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі қала аумағындағы абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау, көше жарығы және шағынаудан ішілік жолдарды ағымдағы жөндеуден өткізу секілді жұмыстармен айналысады.
- «Жасұлан флора» мекемесімен келісімшартымыз (823 млн теңге) бойынша қаралған жұмыстарымыз толығымен аяқталып отыр. Сондай-ақ Ақтауда пилоттық режимде жүргізілген жоба аясында 140 млн теңгеге 7 мың түп павловния ағашы отырғызылды. Мердігер мекеме 1 жылға дейін кепілдік мерзімін мойнына алып отыр. Келер жылы көктемнен бастап жұмыстар қайта жалғасады деген сенімдеміз, - дегенді айтты Қайрат Сағынғалиұлы.
Сондай-ақ бөлім басшысы биыл «Наурыз Медиа» компаниясымен 11 мен 12 ш/а аралығындағы аспан шамдары, теңіз жағалауындағы жарық туннелін (60 метрлік) іске қосқанын және «Мәңгілік алау» монументінің жөндеу жұмыстары жыл соңы дейін аяқталатынын жеткізді.