©
Каспий маңы елдерінің Саммиті тұсында Ақтауда 5 дана «Анкай» маркалы электроавтобус сатып алынған. Қазіргі таңда оның «Каспий» ӘКК меншігіне берілген 4 данасы қала мен әуежай арасында тұрғындарға қызмет көрсетуге бағытталған. Бұл жөнінде қалалық әкімдікте өткен брифингте жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жетібай Құбашев мәлімдеді. Оның айтуынша, аталмыш автобустарға электронды билет шығаратын құрылғы қондырылған. Елімізде алғаш рет қолданылып отырған пилоттық жобаның ерекшелігі – құрылғыдан кез келген банк карталары арқылы билет алуға болатындығында дейді. Ал қалған бір автобус «Каспий» футбол клубына табысталған.
Осыдан біраз бұрын сайтымыздың оқырманы автобусқа қатысты хат жолдаған болатын. Ол өз хатында №5 автобус арқылы қатынаудың ұзақтығын, тиімсіздігін тілге тиек етіпті. Жаңа шағынаудандардағы мектептерге қатынайтын балаларға қиындығын айта келіп, автобус аялдамаларын ұзартқанның орнына жаңа маршрут шығару жөніндегі ұсынысын жеткізген екен. Брифинг барысында бұл сұрақты да құзырлы орын басшысына қойдық. Ол маршруттарды ұзарту тұрғындар тілегінен туындаған әрекет екендігін жеткізді.
- Қазір №1 маршрутты шығарғалы жатырмыз. Ол «Грин Парк» пен «Сенім» емханасы арасында жаңа шағын аудандар арқылы жүреді. Біз қазір №1 және №5 маршрутты конкурсқа бердік, ойналып жатыр. Өздеріңізге белгілі, қазір барлығы кәсіпкерлік ортаға берілген, үкімет тарапынан дотация қарастырылмайды. Қазір ең төменгі жолақы тарифі Ақтау қаласында. Шынын айту керек, біз ұсынысты береміз, бірақ ешқандай кәсіпкер қабылдамайды. Біз жергілікті ғана емес өзге өңірлердің де кәсіпкерлерін де шақырамыз, ешқайсысы жұмыс істеуді қаламайды. Оның бірден-бір себебі – тарифтің өте төмендігі, өз-өзін ақтамауы, - деді Жетібай Құбашев.
Алдағы жылы қоғамдық көліктің бірнешеуі жаңасына ауыстырылуы мүмкін.
- Біз 35 төмен табалдырықты, мүгедек жандарға арналған пандусы бар, заманауи автобус алуға ұсыныс бергенбіз. Биыл 14 данасы келуі тиіс болған, бірақ белгілі себептерге байланысты келесі жылға қалдырылды. Оларда арнайы валидаторлар орнатылады, - дегенді айтты ол.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН